Кәсіподақ ұйымы жылды қорытындылады
Бүгін білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Талдықорған аумақтық ұйымы атқару комитетінің кезекті отырысы өтті.
Отырысқа атқару комитетінің мүшелері, аудандық, қалалық және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен есепшілері қатысты.
Алқалы жиын барысында қоғамдық бірлестіктің 2017 жылы атқарған жұмысы қорытындыланып, алға қойған мақсат-міндеттер айқындалды. Сондай –ақ, 2018 жылға арналған жұмыс жоспары талқыланып, бекітілді.
Жиынды қорытындылаған Талдықорған аумақтық ұйымының төрағасы Садық Әбдіқадыров бірқатар тапсырмалар белгіледі. Атап айтқанда, қалалық, аудандық комитет төрағаларына ұйым жұмысын жетiлдiруді, мүшелік базасын нығайтуды, еңбек заңнамасына сәйкес кәсіподақ активін жүйелі оқытуды қамтамасыз етуді, бақылау-тексеру комиссиясының жұмысын жандандыруды тапсырды.
- Кәсіподақ ұйымының алға қойып отырған ең басты мақсаты – кәсіподақ мүшелерінің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, өзекті мәселелерін дер кезінде анықтап, заңға сәйкес, іскерлікпен шешіп, жұмысшылардың жағдайын жақсарту. Осы ретте, 2015-2017 жылдарға арналған әлеуметтік серіктестік бойынша екіжақты келісімшарттар, әр білім беру мекемелерінде құрылған өндірістік кеңестер да ұстаздардың мәселелерін шешуде оңтайлы септігін тигізеді деп сенеміз, - деді өз сөзінде Садық Нұрсапаұлы.
Отырыс соңында кәсіподақ саласының белсенділері білім саласы қызметкерлерінің еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғауда қосқан үлесі үшін Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Орталық комитетінің, «Алматы облысының кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігініңжәне облыстық білім басқармасының құрмет грамоталарымен марапатталды.
Талдықорған аумақтық ұйымының
баспасөз қызметі
-
Фото
-