
КӘСІПОДАҚ - ҚОҒАМНЫҢ ҚОРҒАУШЫ КҮШІ
КӘСІПОДАҚ - ҚОҒАМНЫҢ ҚОРҒАУШЫ КҮШІ
Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ комитеті жылдық жұмысын қорытындылады
Еліміздің әлем өркениетінде лайықты орынға ие болып, дамудың сара жолына түсуіне кәсіподақ ұйымының қосып отырған үлесі мол. Қызметкерлердің әлеуметтік құқықтарын қорғап, мұң-мұқтажын бөлісетін, әр жетістігіне демеуші, жұмыс баспалдағымен өрлеуіне дәнекер болып отырған rәсіподақ - әрбір қызметкердің сенімді қорғаны, лайықты жолсерігі. Сондықтан қоғам көшін қарыштата алға жылжытып келе жатқан кәсіподақ ұйымына құрмет арта бермек.
Жуырда №24 жалпы орта мектебінің мәжіліс залында еткен еңбекті бағалау, еңбек адамына деген құрметті арттыру мақсатында жылдың қорытынды жиыны өтті. Шара шымылдығы Түркістан Саз мектебінің өнерлі ұстаздарынан құралған ұлттық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен орындаған күйлерімен ашылды.
Түркістан қалалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы Гүлжан Әсілбайқызы сөз алып, жиынның мақсаты, кәсіподақ комитетінің жыл бойы атқарған жұмыстары туралы айтып өтті. Бұдан соң сахна төріне қала әкімінің орынбасары Ғани Құрмашұлы шығып, аталған саланың белсенділігіне тоқталып, кәсіподақ комитеті ұстаздар қауымының қашанда қорғаушы саласы екендігін алға тартып, бірқатар азаматтарды марапаттады. «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» Қоғамдық бірлестігінің «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген айрықша еңбегі үшін» белгісімен Түркістан қалалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы Гүлжан Әсілбайқызы марапатталса, Қазақстандық салалық «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» белгісі Хамза атындағы №2 жалпы орта мектебінің директоры Мұхамеджанов Замир Әлімұлына табысталды. «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Оңтүстік Қазақстан облыстық ұйымы» Қоғамдық бірлестігінің «Кәсіподаққа еңбегі сіңген қызметкер» төсбелгісімен «Ұстаз» газетінің бас редакторы Акбар Исхаков, Ш.Ниязов атындағы жалпы орта мектебінің директоры Хусан Диметов және №21 жалпы орта мектебі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Батырхан Байдаулетов марапатталды. Шарада ұстаздардың ұстазы атанған, туған өлкеміздің атын шығаруда аянбай еңбек етіп жүрген, жырдан маржан терген, білім саласы қызметкерлерінің әлеуметтік құқықтарын қорғауда, ұстаздар қауымының кәсіподақпен бірге мұң-мұқтажын бөліскен, ұстаздардың жетістігіне демеуші болған, әлеуметтік әл-ауқатын арттыруда еңбектенген қаламыздың мақтанышы, есімі «Қазақстанның 100 жаңа есіміне» енген, Қазақстан Республикасы Президенті «Құрмет» орденінің иегері Бекарыс Ақсақалұлы Шойбековке де үстіміздегі жылы жеткен елеулі жетістіктері үшін арнайы ілтипат көрсетіліп, сый-сияпат табысталды.
Көп жыл білім саласында басшылық қызмет атқарған, жасөспірімдерді өнерге баулуда еңбек сіңірген, облыстық дәстүрлі «Өнер фестивалінің» 10 жыл қатарынан бас жүлдегері атанған ұжымды басқарған, облыстық «Кәсіподаққа еңбегі сіңген қызметкер» төсбелгісінің иегері, құрметті еңбек демалысына шығып отырған Сара Еркінбекқызы Таңғатароваға да ерекше құрмет көрсетілді. А.Үсенов атындағы жалпы орта мектебін зейнеткерлікке шыққанға дейін басқарып, ұстаздар қауымының құқықтық, әлеуметтік қорғалуына атсалысып, ұжымның бірлікпен жұмыс жасауына ықпал еткен, құрметті еңбек демалысына шығып отырған Бибісара Сауранбаеваны да әріптестері зор қошеметпен құрметті зейнеткерлікке шығарып салды.
Әдемі кештің ажарын ашқан Бекарыс Ақсақалұлы сөз алып, кәсіподақ саласының тынымсыз дамуына үлес қосып жүрген сала майталмандарын марапаттады. Облысымыздың Қазығұрт ауданы, «Қызылқия» ауылында өткен аяулы азамат, кәсіподаққа еңбегі сіңген қызметкер Әшірбек Қиянтайұлы Шалқарды еске алуға арналған облыстық шахмат жарысында жеңімпаз атанған кәсіподақ мүшелері Алғыс хатпен қатар қаржылай сыйлыққа ие болды. Олардың қатарында Молда Мұса атындағы жалпы орта мектебінің өзбек тілі пәнінің мұғалімі Рауза және Абдухамит Умаровтар бар. Бұл тізімде В.Вахидов атындағы жалпы орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мамбетсалы Орынбаев, А.Югнаки атындағы жалпы орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Элнур Абдугаффаров, Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай «Жемқорлыққа жол жоқ!» атты жемқорлыққа қарсы өтілген облыстық плакат байқауының жеңімпазы, №19 жалпы орта мектебінің бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі Нұрлан Халық да мерекелік шарада арнайы марапатқа ие болды.
Жиында білім саласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманкелді Міндетбаев сөз алып, кеңес ардагерлерінің ауыз толтырып айтарлықтай айтулы жұмыстарын тілге тиек етті. Бүгінгі таңда қызметкерлердің құқықтық қорғалуын қолдап, ұжымды моральды рухани қамтамасыз ететін бастауыш кәсіподақ ұйымының белсенді мүшесі ұжымның тұрақтылығы мен бірлігін сақтауда аянбай еңбек етіп жүрген бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағаларын мерейлі жастарымен құттықтауға жалғасты. М.Қазыбеков атындағы жалпы орта мектебі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Иса Егембердиев 60 жасқа, «Балғын» балабақшасы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Торқалы Бегалы 50 жасқа, «Шобанақ» жалпы орта мектебі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Сұлтанбай Айтметов 50 жасқа, «Шыпан» жалпы орта мектебі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Мехринса Туякова 50 жасқа, «Бабайқорған» жалпы орта мектебі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Дүйсенбай Анарбаев 50 жасқа, №24 жалпы орта мектебі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Алтынқыз Тұрымбетова 50 жасқа, №11 Ж.Жабаев атындағы жалпы орта мектебі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Ақшолпан Досжанова 50 жасқа толуына орай комитеттің арнайы құттықтауларына ие болды. Мерейтой иелеріне қаржылай сый-сияпат көрсетілді.
Сахнаға қайта көтерілген Гүлжан Әсілбайқызы марапаттау рәсімін жалғастырды. «Еңбегім - менің жемісім» номинациясы бойынша белсенді мектеп басшылары, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары, белсенді ұстаздар марапатталды. Ұлттық бірыңғай тестке оқушыларды дайындауда, көп ізденген, жоғары нәтижеге қол жеткізген №31 Абай атындағы жалпы орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі Сұлтанов Махмут «Ізденімпаз ұстаз» номинациясын, «Қарашық» жалпы орта мектебі химия пәнінің мұғалімі Тураханова Гулхан «Ізденімпаз ұстаз» номинациясын иеленді. Ғылыми жоба жарысына оқушыларды дайындауда жаңа инновацияларды іс-тәжірибесіне пайдалана отырып, оқушылардың ғылыми шеберлігін арттыруда оқушылары республикалық деңгейден көрініп жүрген №21 жалпы орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Жақсыгүл Сүлейменова «Талапшыл ұстаз» номинациясына лайық деп танылса, сәби бүлдіршіндерді тәрбиелеуде ұжымда бірлікті сақтап, ұжымның қалыптасуына үлес қосып жүрген «Әлия» балабақшасы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Күләнда Кабетенова «Бірлігі жарасқан ұжым» номинациясын еншіледі. Мектеп ұжымының әлеуметтік қорғалуына атсалысып жүрген, заң негіздерін насихаттаушы, белсенді кәсіподақ мүшесі, №4 С.Сейфуллин атындағы мектеп-лицейі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Асима Ещанова «Ұжымда әлеуметтік еңбек қатынастардың қалыптасуын дәріптеуші» номинациясын алды. Көп жыл көлемінде қызмет етіп келе жатқан, белсенді бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы М.Мұса атындағы жалпы орта мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Маматраим Айтметов «Заң талаптарын насихаттаушы» номинациясы бойынша марапатталды. Бастауыш кәсіподақ ұйымдарында рухани қарым-қатынасты қалыптастыруда аянбай еңбек етіп жүрген қалалық кәсіподақ комитетінің тексеру комиссиясының төрағасы Рисмат Досанов «Кәсіподақ мүшелерін рухани қолдаушы» номинациясымен, ұжымның әлеуметтік-құқықтық қорғалуына атсалысып жүрген, «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласы аясында еңбектеніп, мектепті жаңашыл рухта өркендеуін қамтамасыз етіп жүрген №17 Ататүрік атындағы мектеп-гимназиясы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Самат Шалов «Рухани демеуші» номинациясы бойынша марапатталды. Жаңа инновациямен жұмыс атқаратын №15 М.Жұмабаев атындағы мектеп-гимназиясының директоры Тамара Примжанова «Жаңашыл басшы» номинациясына ие болды. Мектеп ұжымын басқаруда белсенділік танытып, жаңашылдық пен жаңғыруды дәріптеп жүрген №18 Ж.Еділбаев атындағы мектеп-гимназиясының директоры Дәулет Құдайбергенов «Белсенді басшы» номинациясы бойынша, ал, ұжымда бірлік пен татулықты қалыптастыруда, кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-құқықтық қорғалуын қамтамасыз етіп, кіші қызметкерлердің моральдық рухани қорғалуына атсалысып жүрген Қ.А.Ясауи атындағы жалпы орта мектебінің директоры Элмир Абдувахабов «Заңгер басшы» номинациясымен марапатталды. Оқушылардың білімін, біліктілігін арттыруда ұжыммен тығыз байланыста болып, оқушылары ғылыми жоба жарыстарында, олимпиадаларда, ғылыми–танымдық байқаулардың жеңімпазы атанып жүрген №19 жалпы орта мектебінің директоры Алтынбек Момбеков «Ғылымды дәріптеуші басшы» номинациясы бойынша марапатталса, педагогика саласында көп жыл еңбек еткен, ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыруда ұстаздар қауымымен бірлесіп жетістіктердің шыңынан көрініп жүрген «Ы.Алтынсарин» атындағы төсбелгінің, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің Құрметті қызметкері», облыстық «Кәсіподаққа еңбегі сіңген қызметкері» төс белгілерінің иегері, қалалық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Батырбекова Ақмарал Үсенқызы «Ең таңдаулы кабинет меңгерушісі» номинациясы бойынша марапатқа ие болды.
Ұстаздар қауымының мәселелеріне немқұрайлы қарамай, олардың қай тұрғыдан болмасын алға қадам басуына сүбелі үлес қосатын кәсіподақ комитеті бір жылда атқарған жұмыстарының нәтижесін осылайша қорытындылады. Алдағы межелі жоспарды жүзеге асыруда бірлесе жұмыс жасау комитеттің басты ұстанымы. Бұл ретте барша ұстаздар қауымы жұмыла еңбек етуді көздейді. Бүгінгі мерекеде еңбек екшеленіп, құрмет көрсетілуі басшыға берер серпін мен ұстазға деген қолдау.
АҚМАРАЛ ҒАНИҚЫЗЫ,Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі
-
Фото
-