
Тәуелсіздікпен жаңғырған жастармыз!
Тәуелсіздігіміздің 26 жылдығына орай Жаңақорған аудандық білім бөлімі мен білім қызметкерлері кәсіподағы комитетінің ұйымдастыруымен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағытында жас білім қызметкерлері арасында «26 жаңа есім» байқауын жариялап, 14 желтоқсан күні ауданымыздағы Машбек ауылындағы №196 орта мектеп базасында байқаудың қорытындысы ретінде жастар форумы өтті.
Байқаудың мақсаты Тәуелсіздікпен қатар өсіп, Еліміздің білім саласының көркеюіне өз үлесін қосып жүрген жас ұстаздарды қанаттандыру, қолдау көрсету, кәсіби шеберліктерін дамыту, үлгі тұтарлық жастардың тәжірибесін көпшілікке насихаттау, жастар саясатын дамыту, жастарды ұйымшылдыққа, бірлікке, өзара сыйластыққа тәрбиелеу болып табылады.
Форумға аЖаңақорған аудандық білім мекемелерінде жұмыс істеп, өздерінің ізденімпаздығымен, білімі, біліктілігімен көзге түсіп,түрлі байқауларда үздік шығып, жетістіктерге жетіп жүрген 18-29 жас аралығындағы жас мамандар қатысты.
Форумның ашылу салтанатына аудандық білім бөлімінің басшысы Б. Ибрагимов, аудандық «Нұр Отан» ХДП-ның бірінші орынбасары М.Балқожаев қатысып, сөз сөйледі. Форумда аудандық білім бөлімі қызметкерлері кәсіподағы ұйымдастырған «26 жаңа есім» байқауының қорытындысы жарияланып, білім бөлімінің басшысы жас ұстаздарды арнаулы дипломдармен марапаттап, «26 жаңа есім» кітапшасын тапсырды. Сонымен қатар, кәсіподақ комитетінің сыйлықтары да үлестірілді. Өз сөзінде Б. Ибрагимов «26 жаңа есімге» аудан мектептерінен 70-ке тарта жас мұғалімдер байқауға қатысқандығын атап өтті. «26 жаңа есімді» әділ-қазы алқасы саралап, үздік деп танылған 26 жас ұстаздардың есімдері аталған кітапшаға енгізілді. Кітапша аудан көлеміндегі білім мекемелеріне таратылатындығын болады.
Форум патриоттық әндер байқауымен өз жалғасын тауып, әр мектептен келген жас ұстаздар жанды дауыспен өнерлерін ортаға салды. Сонымен қатар, «Тәуелсіз Қазақстан» тақырыбында патриоттық сурет салу байқауында да жас ұстаздар бақтарын сынады.
Байқауды қорытындылаған сәтте аудандық білім қызметкерлері салалық кәсіподақ комитетінің төрағасы Е. Сатершинов аудандық кәсіподақ комитеті жанындағы «Жас толқын» Жастар Кеңесінің ұйымдастыруымен өткен білім қызметкерлері жастарының форумының бірінші рет ұйымдастырылып отырғандығын айта отырып алдағы уақытта осындай іс шараның жиі ұйымдастырылатындығын тілге тиек етті. Сөзінің соңында кәсіподақ көшбасшысы Жастар Кеңесінің мүшелеріне Тәуелсіздік мерекесіне орай, «Нұр Отан» ХДП-ның «Алғыс хатын» салтанатты түрде табыс етті. Өткізілген байқаулар қорытындысы бойынша ән байқауының І орын иегері болып Ақжарқын Қасымова (№51), ІІ орын Абылай Сұлтан (Әлшекей өнер мектебі), Гүлфайруз Исмайлова (№224), ІІІ орын Гүлмарал Әнуарбекова (№255), Толқын Әбдіқалықова («Жадыра балабақшасы») мектеп мұғалімдері марапатталса, сурет байқауында әділ қазы алқасының шешімімен І орын тәрбие беру орталығының ұстазы А. Әлібековтің еңбегі үздік шықты. Екінші орынды №110 және №166 мектеп ұстаздары Ж.Мұсатаева мен Г.Исмайлова алса, үшінші орынды №169 мектеп пен «Камшат» балабақшасының тәрбиешісі Д.Құмабаев пен А.Әлжігітова иеленді.
Форум соңы жастардың флэшмоб биімен аяқталды.
Жүндібай Ғалымжан,
Айсұлу Пазылова,
Жаңақорған ауданы.
-
Фото
-