Талдықорғанда Тәуелсіздік күні ұлықталды
14 желтоқсан күні Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Талдықорған аумақтық ұйымы 16 желтоқсан - Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік күніне арналған «Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік» атты салтанатты жиын өткізді.
Сала қызметкерлерін Талдықорған аумақтық ұйымының төрағасы Садық Әбдіқадыров құттықтады. Қоғамдық бірлестіктің төрағасы өз сөзінде 26 жылдың ішінде Қазақстан өтпелі кезеңнің қиыншылықтарын артқа тастап, көпұлтты халқымыздың ауызбірлігі сақталып, еліміздің мәртебесі өскендігін айтты.
Сондай ақ, Желтоқсан оқиғасына қатысушы, бүгінгі күні облыс орталығындағы № 2 орта мектептің ұстазы Анар Салықова ерекше құрметке бөленді. «Осыдан 31 жыл бұрын алаңға тек ер жігіттер ғана емес, нәзік жанды, қайсар мінезді қыздар да шықты. Тәуелсіз ел болсақ деген әр жастың сол кездегі арманы бүгін орындалған сияқты. Осындай мемлекетте тұратынымыз біз үшін үлкен мақтаныш», - деп өз естеліктерімен бөлісті.
Айтулы мереке аясында білім және ғылым саласы қызметкерлерінің еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғаудағы белсенділігі, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін сала белсенділері «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы Орталық комитетінің және Талдықорған аумақтық ұйымының құрмет грамоталарымен марапатталды.
Қазақстан Республикасының Әнұранымен ашылған салтанатты жиында «Самға», «Қазақстан алға», «Отан ана», «Атам қазақ болған соң» сынды Тәуелсіздік рухын танытатын әндер шырқалып, күмбірлеген күйлер орындалды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күніне орай ұйымдастырылған «Рәміздер - отаншылдық сезімнің бойтұмары»атты облыстық ақындар байқауының жүлдегеріШынарбаева Камшат өз шығармашылығынан егемен елімізге арнаған өлеңін оқыды.
Салтанатты жиынға «Алматы облысының кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, Алматы облыстық мәслихатының депутатыӘсет Қыдырманов, аудандық және қалалық кәсіподақ комитеттері мен бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары, сала ардагерлері, желтоқсан оқиғасына қатысушылар, № 4 орта мектептің еңбек ұжымының және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Білім және ғылымқызметкерлері кәсіптік одағы
Талдықорған аумақтықұйымының баспасөз қызметі
-
Фото
-