Жаркент жерінде Елбасының еңбегі насихатталды
Кең-байтақ жерімен мақтанатын қазақ елінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні биыл алтыншы мәрте барлық аймақты қамтып, жоғары деңгейде аталып өтілуде.
Осы ретте, білім және ғылым қызметкерлері Талдықорған аумақтық ұйымына қарасты Панфилов аудандық кәсіподақ комитеті және аудандық кітапхана ұжымы «Елбасы және ұлы дала елі» тақырыбында тұлғатану сағатын өткізді.
Оған аудандық кітапхана мен кәсіподақ комитетінің қызметкерлері, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, мектеп кітапханашылары қатысты.
Шара барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны шырқалып, Панфилов аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Мақытбек Тұрлыбеков Елбасының ерең еңбегі жайлы сөз етіп, қатысушыларды айтулы мерекемен құттықтады.
Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Рыскүл Керімқұлова Елбасының «Болашаққа бағдар-рухани жаңғыру» мақаласы аясында атқарылып жатқан ігі шараларға тоқталды.
«Қазақ тарихында халықты ақылы, парасатымен басқарған хандарды жақсы білеміз. Солардың сара жолын, сындарлы саясатымен егеменді елді басқарып келе жатқан Н.Ә.Назарбаевтың орны ерекше. Мемлекет басшысы елді бірлікке шақыра отырып, жылсайынғы Жолдаулары арқылы атқарылар жұмысты айқындайды. Биыл «Болашаққа бағдар-рухани жаңғыру» мақаласын жариялап, латын әліпбиіне көшу мәселесін көтерген еді. Бүгінде білім ордалары біртіндеп латын әліпбиіне көшу жұмысын бастады. 1935 жылы латын әліпбимен жазылған мұрағаттағы материалдармен таныстық. Қарап отырып, өткенімізге оралатын кез келгендігін түсінгендей болдым», -деп бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Рыскүл Ахметқызы тың деректерді ұсынған кітапхана қызметкерлеріне алғысын білдірді.
Соңыра Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебінің бүлдіршіндері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне арнаған өлеңдерін нақышына келтіріп оқыса, үлкен сынып оқушылары әннен шашу шашты. Шараға қатысушылар кітапхана ұжымы дайындаған «Елбасы мәртебесі-ел мәртебесі», «Жаңа заманға-жаңа әліпби» тақырыбындағы кітап көрмелерін тамашалады.
МАРЖАН ҚАЙРАТҚЫЗЫ,Білім және ғылым
қызметкерлеріПанфилов аудандық кәсіподақкомитетінің маманы
-
Фото
-