
Ізденімпаз жанұя
Үкілі үміт, таймасын халқым басыңнан,
Мол бақыт күтем, жас ұрпақ сенен, жасырман.
Басқаны қайдам, ұлыңның күтем, өз басым,
Басталған мынау, бәйтерек жаңа ғасырдан, - демекші, жаңа даму ғасыры үлкен үміт күттірер жастарға бұйырды. Еліміздің бүгінгі жастары, жаңа жағдайда әлемдік деңгейдегі ұстанымды игеріп, келешектің кілтін өз қолдарына алуда. Осындай жалынды жастарымыздың көшбасшысы бола білген жас ұстаздар, білімді жаңашыл Нұрмағанбетовтар отбасы өнерлілерден құралған. Отбасының тірегі Жандос пен оның жары Құлмаханова Ақкүміс - Қармақшы ауылының тумалары. Екеуі де №113 Қаракөл орта мектебінде оқып білім алып, мақсаттарын мектептен айқындаған түлектер. Жандос Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне, Ақкүміс «Болашақ» университетіне оқуға түседі. Дипломдарын қолына алған екі жас туған ауылына, өздері түлеп ұшқан алтын ұя мектептеріне қайта оралып, 2007 жылы Жандос дене шынықтыру, ал Ақкүміс 2009 жылы информатика пәнінің мұғалімдері болып жұмысқа орналасып, еңбек жолын бастайды. 2009 жылы сөз байласқан екі жас отбасын құрады.
Әрбір өскелең жас, жеке қабілетіне және кәсіби біліміне сай қоғамымызда өз орнын табуы қажет. Жандос пен Ақкүміс те өз мамандығын шын сүйген ізденімпаз мамандар. Екеуі де мектеп, мәдени шаралардың бел ортасында жүрген белсенді ұстаздар. Жандостың дайындаған оқушылары күрес, тоғызқұмалақтан облысқа дейін танымал болса, өзі де спорттық, «Наурыз шапағаты», «Көңілді тапқырлар клубында» белсенді өнер көрсететін мықты спортшы. Ақкүмістің де оқушылары түрлі білім сайысында топ жарған пән олимпиадасының жеңімпаздар атанса, өзі ұжымының қалауымен 2016 жылдың қаңтар айында мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы болып сайланды. Жаста болса, бас бола білген ізденімпаз ұстаз, ұйымдастырушы-мектеп ұстаздары мен қызметкерлерінің қамқоршысы. Мәдени шаралардың бел ортасында жүретін отбасы. Оның айғағы, 2017 жылы Ғашықтар күніне орай аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткізілген «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» сайысына қос құлыншағымен қатысқан Жандос пен Ақкүміс жүлделі ІІ орынды иеленіп, асхана жабдығын қанжығаларына байлады. Ел сенімін, үмітін ақтау – жастардың қолында. Осындай сенімнен шыға білген Жандос пен Ақкүміс - білімді ұстаздар ғана емес, Ернар мен Ислам атты ұлдарды тәрбиелеген өнегелі отбасы. Әрбір қазақ жастары өздерін ұлтжандымын деп ұғынып, өн бойындағы ұлттық намысын жоғары қою білуі керек. Осы айтылғандардың бәрі бойынан табыла білген, намыстарын жоғары, ұстаздарын ұлық бағалап, ардақтап биік қойған Нұрмағанбетовтар отбасы да көпке үлгі болары анық.
Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы№ 113 орта мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Изимова Жазира Дошанбекқызы