
Ең жас кәсіподақ белсендісі
Мен, Төлебаева Гауһар, 2016 жылы оқу бітіріп, қолыма диплом алып, Қызылорда облысы, Қармақшы ауданындағы №21 «Тоғжан» ясли-бақшасында музыка жетекшісі болып жұмысқа орналастым. Ең алғаш «Ұстаз» деген атаққа ие болуым да осы балабақшадан басталды. Бұл балабақшадағы тәтті бүлдіршіндер менің армандарымның жүзеге асуына өз үлестерін қосты.
Сол жылдан бастап ауданымыздағы білім қызметкерлері кәсіподақ комитеті жанынан құрылған Жастар кеңесіне кірдім. Жас ұрпақты білім нәрімен сусындатар, шәкірт жүрегіне гүл егер, бала жанының бағбаны аяулы ұстаздар емес пе?! Осындай керемет білімді, білікті, өнерлі, тәжірибелі ұстаздар осы ұйымда болды десем қателеспеймін. Жастар кеңесінің мүшелерінің ішінде ең жас ұстаздардың бірі болдым. Осындай ұстаздардың бірігуімен талай іс-шараларды, жарыстарды өткіздік. Ұйымда достар табуыма, өз өнерімді, алған білімімді көрсетуіме мүмкіндік берді. Атап өтетін болсам, білім қызметкерлерінің облыстық ХI «Наурыз шапағаты» өнер фестивалінің аясында өткізілген фольклорлық-этнографиялық ансамбльдер байқауының лауреаты атағына ие болсам, тәуелсіздікке байланысты өткізілген іс-шарада аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің Мадақтамасымен марапатталдым. Сонымен қатар, 10 маусым - ҚР Кәсіподақтар күнінде облыстық іс-шараға шақырылып, өз өнерімізді көрсеткен болатынбыз.
Жаз мезгілінде кәсіподақ комитеті барша ұйымдағы ұстаздарға Қамбаш көліндегі «Наурыз» демалыс орнына жолдама беріп, керемет демалуымызға мүмкіндік берді. «Жас ұстаздар мен өрлеу жолында» атты Жаңақорған ауданында өткен облыстық жазғы лагерьде де өз білімімізді, өнерімізді көрсетуге де мүмкіндік алдық. Лагерьде барлық ауданнан келген 80–нен астам жас мұғалімдер қатысты. Әрине, бұл лагерьде біздің ұстаздар белсенді болып, қай жағынан болсын жоғарғы деңгейде өнер көрсетіп, ауданымызды жақсы жетістікке жетеледік деп айта аламын. Бұл лагерьде менің жеткен жетістігім - облыстық кәсіподақ комитетінің төрайымы Райкүл Мансұрқызы Байназарованың «Ең жас кәсіподақ белсендісі» деген номинациясымен марапатталуым болды.
Әрине, осындай жетістікке жетуіміз, іс-шараларға қатысумыз, демалысқа баруымыз – ауданымыздағы білім қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің төрайымы Жұлдызай Кетебайқызының еңбегі. Әрқашан да апайға деген алғысымыз шексіз. Осындай Жастар кеңесінің мүшесі болғаныма өте қуаныштымын. Осы ұйымның арқасында достар тауып, өз білімімді, өнерімді әрі қарай жетілдіріп, көп тәжірибе алдым. Әрі қарайда іс-шараларға, көптеген жарыстарға қатысып, ауданымызды, кәсіподақ комитетін жақсы жетістіктерге жеткізіп, өз үлесімді қосуыма әрқашан да дайынмын.
Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының№ 21 «Тоғжан»
ясли – бақшасының музыка жетекшісіТөлебаева Гауһар Темірбекқызы