
Латын әріпіне көшу – заман талабы
Қарағанды қаласының №95 мектеп-гимназиясында Октябрь ауданы білім қызметкерлерінің кәсіподақ комитеті төрайымы Хасенова Меруерт Жапбаровна Латын әліпбиіне көшу бойынша болған мұғалімдердің директормен жиналысына қатысты.
Елімізде латын әліпбиіне көшу мәселесі соңғы жиырма жылда көтеріліп, соның он жылында қызу талқыланып келеді. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің халыққа Жолдауларының бірінде: "Біз алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы кешенді жобаларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз.Қазақ алфавитін 2025 жылға қарай латын графикасына көшіруге дайындық жұмысын осы бастан қолға алу қажет" деген. Осыны негізге ала отырып, Меруерт Хасенова «Латын әріпіне көшу – қазақ тілін дамыту мен жаңғыртудағы ішкі қажеттілік» — деген тақырып бойынша мектеп – гимназия мұғалімдеріне насихат жүргізді. Бұдан кейін мектеп кәсіподақ төрағасы, қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Оксана Кадирсизова алдымен латын әліпбиімен таныстырып өтсе, латын әліпбиінің қазіргі заман талабына сай екендігін, ондағы көптеген мүмкіндіктерді атап шықты. Мұғалімдер арасында бұл мәселе қызу талқылана отырып, олар өз ойларын ортаға салды. «Дөңгелек үстел» қазақ жазуын латын әліпбиіне ауыстыру қажет пе, қажет емес пе деген мәселенің жан-жағында пікір талас ретінде өтті. Адам қателесуі мүмкін, қоғам да қателесуі мүмкін, тіпті заман да қателесуі мүмкін. Ал уақыт қателеспейді. Уақыттан өткен данышпан болмайды. Уақыт өз сөзін айтып үлгерді. Латын жазуы уақыттың сан ғасырлық сынынан өтіп болды. Қазір әлемдегі халықтың 80 пайызы латын графикасын игеріп, пайдаланып отыр, әлемдегі ақпараттың 70 пайызы осы таңбамен таратылады. Латын әліпбиіне көшу бастамасы Қазақстанның рухани болмысы мен қоғамдық ой-сананы өзгертіп, оны жаңғыртуға зор үлес қосады деген ойды түйіндеп, мұғалімдер бірауыздан қолдады. Бұл қадамды жүзеге асыруға саяси, экономикалық, әлеуметтік негіздеме және қоғам тарапынан сұраныс болды деп толық айта аламыз. «Латын» әліпбиінің болашағы зор.
Айнагүл Сапарова, Қарағанды қаласы, №95 мектеп-гимназиясы
директорыныңОқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
-
Фото
-