
ЖАС МАМАНҒА ЖАҒДАЙ ЖАСАДЫ
Келешек – жастардың қолында деп жазып жатады. Жылына мыңдаған жас маман оқу орнын бітіріп, еңбек жолына бет алады. Кейбіреуінің өзінің қалаған жұмыс орнына тұра алмай, тауы шағылып қалатын кездері болады. Мен де жас маманмын. Биылғы жаңа оқу жылында Қарағанды қаласындағы №64 орта мектебіне жұмысқа қабылдандым. Осы мектептің есігін ашқанда кеудемде «Мен жас маманмын. Тәжірибем жоқ, жұмысқа қабылдамаса қайтемін» деген үміт пен күдік болған еді. Бағыма қарай, мектеп директоры Татьяна Тоқанова жылы қабылдап, жұмысқа алды. Жалғыз мені ғана емес, жаңадан бітірген бес мұғалімді қабылдады.
Менің айтпағым, білікті басшы Татьяна Бағдатқызы жастарға сенім артты, тәжірибең жоқ деп сыртқа теппеді. Мектеп директорының артқан сенімі біздің де жауапкершілігімізді арттыра түсті. Оқушылардың сапалы білім алуы үшін бізде үнемі ізденіс үстіндеміз. Сабағымызды қызықты әрі тартымды өткізу үшін қосымша дайындық жұмыстарын жасаймыз. Ашық сабақтарға қатысып, тәжірибе жинау үстіндеміз.
Мектепте 400-ге тарта оқушы оқиды. Оларға 32 мұғалім дәріс береді. Осы ұстаздардың қатарында жас мамандар да оқу және тәрбие ісіне өз үлестерін қосуда.
Сөзімнің соңында, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей жастарға үлкен сенім артып, маман болып қалыптасып кетуімізге ақыл-кеңесін аямай жүрген білім ошағының басшысы мен ұстаздар қауымына алғысымды айтқым келеді.
Айжан ҚОНАРБАЙ,Қарағанды қаласының№64 орта мектебінің мұғалімі
-
Фото
-