
БОЛАШАҚҚА БІРГЕ ҚАДАМ ЖАСАЙЫҚ!
2017 ж. 17 қарашада Ақсу қаласындағы Балалар шығармашылық үйінде Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы аясында һәм ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай Павлодар облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының ұйымдастыруымен «Болашаққа бірге қадам жасайық!» тақырыбында жастар форумы өтті.
250-ден астам жас мамандар, педагогтар және студенттер қауымының қатысуымен өткен кездесуді Ақсу қаласы әкімінің орынбасары Ильина Тамара Витальевна және ҚБ төрайымы Наурызбаева Гүлбарам Әуезханқызы алғы сөздерімен ашып, заманауи жастарына тиесілі 10 қасиетті (трендті) атап, жас буын өкілдеріне: «Үшінші модернизацияны аяқтайтын да Сіздер боласыздар» деген сөздерімен барша қатысушыларға сәттілік тіледі.
Шара дәстүрлі баяндама оқумен емес, керісінше, үш блоктан тұратын интерактивті тұрғыдағы, линейлік сессия тәртібіндегі «галстуксыз» форматта өтті.
Жастар үшін жаңа инновациялық дәуір, олардың ойлау мен сана модернизациясын, дүниетанымдық көзқарастарын өзгертуге бет бұратын заман.
Облысымыздың мемлекеттік органдарының өкілдері (Ішкі саясат басқармасы, Жастар саясаты мәселелері жөнінде басқарма) Ернұр Дәуенов, Төлеген Айтбаев, Ұлттық тренерлер пулының спикері Еркебұлан Күнтуған, Жастар кеңесінің төрағасы Ернар Иманбаев және аудандық жастар кеңесінің төрағалары мен мүшелері тақырып шеңберінде өз пікірлерімен бөлісті.
Рухани жаңғырудың бағыттарын жан-жақты талқыға салып, спикерлер өз ұсыныстарын ортаға салды. Мәселен, Ернұр Дәуенов ғалым мамандармен аудандардағы мектептерге барып, шәкірттерге лекция оқу тәжірибесін жаңғыртуды ұсынса, Е. Күнтуған мен Е. Иманбаев жас педагогтарға көшпелі семинарлар мен тренингтер өткізу жүйесін ұсынды.
Спикерлерге көптеген сұрақтар қойылды, оның бірін ақтоғайлық әріптесіміз «Білім беру саласына ер азаматтарды тартудың қандай жолдары бар?» деген сауалы қызу талқылау тудырды.
«Серпіндіктер» де өз ұсыныстарын білдірді. Олардың айтуынша, жастармен өткізілетін шаралар мен кездесулер әрдайым мазмұны мен формасы жағынан мағыналы, қызықты әрі тартымды болуы тиіс.
Аудандардың жас белсенділері Дмитрий Карпеченко (Павлодар ауданы), Қабдрашит Қайырханов (Шарбақты ауданы), Рымкеш Сүлейменова (Павлодар қаласы) творчестволық конкурстармен қатар спорт шараларын да өткізуге, өзара тәжірибе алмасуға шақырса, ПМПИ-дің тәрбие жұмысы саласының маманы Алмас Кенжеғалин Коворкинг орталығының есігі жас мамандар әрі студенттер үшін әрдайым ашық екенін мәлім етті.
Қазақстандық салалық білім және және ғылым қызметкерлері мен Денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподақтарының сала жұмыскерлері еңбекақыларының соңғы жылдардағы көрсеткіштерінің әлі бір қалыпта қалғанын, оны көтеру, жалақының бүгінгі еңбекке еш сай келмейтіндігі туралы жоғары билікке жолдаған Үндеуін Павлодар облысының жас педагогтары мен мамандары бірауыздан қолдады.
Ақсулықтар да Рухани жаңғыру жолындағы өз тәжірибелерін ортаға салды. Тілеужан Құмар туризм туралы, Фархат Еңсебаев болса әлеуметтік желілердегі ақпараттық толқын жұмысы туралы сөз қозғады.
Ақсу қаласы білім беру бөлімінің басшысы Қайрат Теміржанұлы Смағұлов өткен шараға өзінің оң бағасын беріп, пікірін білдірді және ғалымдардың мектеп аралап, дәріс оқу шарасын Ақсу аумағынан бастауды ұсынды.
Жастар қозғалысын жан-жақты ашып көрсететін бейнефильм көрсетілді. Сонымен қатар, белсенді жас мамандары білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлестері, сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі істері, жастар саясатын жүзеге асырудағы еңбектері үшін Облыстық кәсіподақтың Алғыс хаттарымен марапатталды.
Шараның қорытындысы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының жас көшбасшыларының гимнімен аяқталды.
Е. Иманбаев,Павлодар облыстықбілім және ғылым қызметкерлері
кәсіподағы жанындағы жастар кеңесінің төрағасы
-
Фото
-