Бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысымен танысты
Ағымдағы жылдың 14 қарашасында білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Талдықорған аумақтық ұйымына қарасты Панфилов аудандық комитетінің мүшелері Көктал-Арасан орта мектебінің жұмысымен танысты.
Аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Мақытбек Тұрлыбеков Көктал–Арасан орта мектебі жанындағы тұрмысы төмен отбасылары балаларына арналған 50 орындық интернатын аралап, оқушылардың асханасымен жатын орындарын, білім беруге арналған бөлмелерін көріп, жағдайымен танысты. Сонымен қатар, қоғамдық бірлестіктің төрағасы білім ошағының еңбек ұжымымен кездесіп, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында жазиралы Жаркент өңірінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Көктал-Арасан орта мектебінің директоры Нұрлан Ермекұлы кездесу барысында сөз алып, өз басқарып отырған ұжымда 53 адам барын, оның ішінде 26-сы мұғалімдер екенін айтты. 48 оқушы күнделікті төрт уақыт тамақпен қамтамасыз етілгендігін және бос уақыттарын тиімді пайдалану үшін заманауи жабдықталған кітапхана үздіксіз қызмет көрсетсе, домбыра, сурет, спорт үйірмелері күнара жұмыс істейтіндігін жеткізді.
Келесі сөз кезегін алған Гүлсара Аталыққызы Елбасының мақаласы шыққаннан бері мектептің өзінде он беске жуық дөңгелек үстел, кездесулер, жиындар өткенін айтып, әлемнің 112 мемлекеті пайдаланған латын әліпбиіне көшу жұмысы тиянақты жүріп жатқандығын айтты.
Бұл бастаманы аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Мақытбек Әділұлы қолдайтындығын жеткізе, ұстаздар қауымының көкейінде жүрген сұрақтарына жауап берді. Еңбек ұжымы жиын соңында аудандық кәсіподақ комитетінің мамандарына алғысын білдірді.
Түс ауа,аудандық кәсіподақ комитетінің маманы Маржан Қайратқызы Көктал-Арасан орта мектебі бастауышкәсіподақ ұйымының құжаттарын тексеріп, құжаттардың іс-номенклатурасына сай рет-ретімен тігілгендігіне көз жеткізіп, кеткен кемшіліктерді қалыпқа келтіру үшін әдістемелік көмек көрсетті.
Маржан Жұмабек,білім және ғылым қызметкерлері
Панфилов аудандық кәсіподақ комитетінің маманы
-
Фото
-