
ЖАМБЫЛДЫҚ ЖАСТАРҒА АРНАЛҒАН СЕМИНАР
Студенттік кәсіподақ ұйымының негізгі жұмысы студенттермен білім беру, салауатты өмір сүру, мәдениет, өнер және бос уақытты тиімді пайдалану сияқты бағыттар бойынша жүргізілетін жұмыстармен қоса олардың азаматтық ұстанымын қалыптастыру, елімізде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар мен әлеуметтік жобалар туралы ақпараттар беру, жастардың арасындағы күрделі мәселелерді шешуге, олардың тұлғалық келбетін қалыптастыруға, шығармашылық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған жұмыстармен айналысады.
Бүгінгі күні Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Жамбыл облыстық ұйымына қарасты 4 студенттік кәсіподақ ұйымы белсенді қызмет етеді. Екеуі жоғарғы оқу орны болса, қалған екеуі колледждер. Олардың қатарында 6000 жуық студенттік кәсіподақ ұйымының мүшесі бар.
Осы орайда Жамбыл облыстық кәсіподақ ұйымының бастамасымен «Бүгінгі кәсіподаққа – белсенді жастар» кәсіподаққа ынталандыру айлығы аясында студенттер-кәсіподақ мүшелерінің қатысуымен семинар өтуде. Семинар барысында кәсіподақтың жастар қанатына жаңадан келіп қосылған белсенді жастарға «Кәсіподақ дегеніміз не?», «Ұйымның негізгі жарғылық мақсат-міндеттері мен құрылымы», «Кәсіподақтағы жастар саясаты» тақырыбында тренингтер өткізіліп, дәрістер оқылды.
Кәсіподақ аппаратының қызметкерлері мен оқу-әдістемелік орталығының тәжірибелі тренерлері мен модераторлары студенттерді кәсіподаққа тарту мен ұйым қызметінің негізгі жұмыс бағыттарымен таныстырып, рөлдік ойындар, практикалық сабақтар, лекция түріндегі жаттығулар мен тапсырмаларды орындады. Практикалық сабақтар барысында үйренген әдіс-тәсілдер жас көшбасшыларға жұмысты жүзеге асыруға және дұрыс шешім қабылдауға септігін тигізеді деп сенеміз.
Семинар-тренинг қорытынды жасау, жастарды толғандыратын сұрақтарға жауап беру, кәсіподақтағы жастар ісі жөніндегі Кеңеске ұсыныстар әзірлеу, кәсіподақ жастарының кейбір мәселелерін өзге аймақтардағы жастармен бірлесіп шешу сынды пікірлердің айтылуымен қорытындыланып, естелік фотосуреттер мен сертификаттарды табыстаумен аяқталды.
Перизат БАҚЫТ
-
Фото
-