
БУХГАЛТЕРЛЕР ДЕ БІЛІКТІЛІГІН КӨТЕРДІ
Маңызды құжаттарды толтырып, сандық қателіктер жібермеу және қырағы мінез таныту - бұл бухгалтерлерге қойылатын басты талап. Көп жылғы еңбек өтілі бар есепшілердің өздері де үнемі сандармен жұмыс істейтін болғандықтан қателіктерге бой алдырып жатады. Кәсіподақ саласында қаражатқа байланысты тәртіп тіпті қатаң. Мұнда қателесуге болмайды. Себебі, қаржы кәсіподақ мүшелерінің меншігі, былайша - халықтікі. Сондықтан да, есеп мамандарының біліктіліктерін одан сайын арттырып отыруы заңды құбылыс. Осы орайда, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Жамбыл облыстық ұйымының бастамасымен кәсіподақ филиалдарының бухгалтерлеріне арналған семинар өтті.
Семинарға барлық филиалдың бухгалтерлері қатысты. Олар көп жылғы еңбек өтілі бар Кәсіподақтың облыстық ұйымының бас есепшісі Гулия Акимбаеваның дәрісін ұйып тыңдады. Семинарда салық және бухгалтерлік есептеу, салықты есептеу және төлеу, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі сынды бірқатар өзекті тақырыптар қозғалды. Кәсіподақтың есепші-маманы Жанбота Ибраимова да бағалы кеңестерімен бөлісті. Кәсіподақ есепшілеріне сондай-ақ, кәсіподақ заңгері Әлия Джолшибекова бухгалтерлердің іс-қағаздарын жүргізудің тәртібін егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті.
- Біздің мамандық иелерінің жұмысы тікелей сандармен байланысты. Сондықтан кейде қателіктер болып тұрады. Әсіресе, жаңа келген жас мамандар бұл олқылыққа жол беріп отырады. Ал дәл бүгінгідей іс-шаралардың көмегімен олар біраз шыңдалады. Тәжірибелері мол мамандармен кездесіп, пікір алмасады. Мұндай семинарлар өз нәтижесін беруде. Бүгінде олардың тарапынан жіберілетін қателіктер саны азаюда, - дейді Кәсіподақтың бас есепшісі Гүлия Сейдахымқызы.
Жиын соңында практикалық сабақтар өтіп, онда есепшілер алған білімдерін қорытындылады.
Перизат БАҚЫТ
-
Фото
-