
Ұжымдық шарт – әлеуметтік әріптестіктің жемісті негізі
Соңғы екі аптаның ішінде Павлодар облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы жанындағы кәсіподақ көшбасшысының облыстық педагогикалық мектебінің ұйымдастыруымен Железин, Успен, Шарбақты және Ақтоғай аудандарында Қоғамдық бірлестік күндері өтті. Шараның басты мақсаты: 2018-2020 жылдарға арналған «Ұжымдық шарт – әлеуметтік әріптестіктің негізі» тақырыбындағы көшпелі семинарларды өткізу және білім беру ұйымдары қызметкерлеріне кеңес беру жөнінде Қоғамдық қабылдау жұмыстарын ұйымдастыру.
Өткізілген семинарға білім беру мекемелерінің басшылары, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен төрайымдары және екі тарапты комиссияның мүшелері қатысты. Соңғы екі жылда 2015 жылдың аяғындағы жаңадан қабылданған ҚР Еңбек кодексі туралы көптеген түсініктеме жұмыстары жүргізілгендіктен, ҚБ-тің бас мамандары Г.О.Жәркенова мен Б.Г. Бейсенова тыңдаушылардың назарын ұжымдық шартты жасаудың технологияларына аударды. Білім беру ұйымдарындағы кәсіподақ қозғалысын белсендету мақсатында, кәсіподақ қатарына ену және одан шығудың алдын-алу бағытында аталмыш құжаттың ынталандырушылық рөліне ерекше көңіл бөлді.
Оқытуды ұйымдастыру барысында негізгі күш қатысушылардың өзара пікір әрі тәжірибе алмасуға негізделген. 3-4 топтарға бөліне отырып, өздерінің білім беру ұйымдарының тәжірибесі негізінде кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы ұжымдық шарттарына анализ жасап, кеңес алмасты. Сонымен қатар ақылдылар сарабы негізінде әлеуметтік қорғалмаған кәсіподақ мүшелеріне қосымша әлеуметтік қолдау шаралары қажет ететін топты айққындады.
Білім берудің жаңартылған мазмұнына қатысты ұжымдық шарттарға өзгерістер енгізу туралы қызу талқылаулар жүргізілді: бес күндік апта негізінде қызметкерге сенбі күнгі демалысын беру құқығы, мектепке дейінгі мекемелердегі көптілділік бағдарламаның енгізілуіне байланысты мұғалімдерге еңбек ақысын төлеу. Әрбір топ ұжымдық шарттар арқылы қызметкерлерге көрсетілетін қосымша әлеуметтік қолдаулардың сан түрімен әрі олардың көрсетілу мерзімімен таныстырып өтті.
Инновациялық технологиядағы бұл тәрізді кәсіподақ семинарлары өзінің тиімді әсерін және оң нәтижесін тигізері сөзсіз. Ұйымдастырылған семинарлар барысында кәсіподақ белсенділер де, әлеуметтік әріптестер де өзара келісушілік, мәселеге деген ортақ көзқарастарын танытатынын және шешу жолдарын табатынын байқадық.
Семинарлар соңында ҚБ аппаратының бас маманы Г.О. Жәркенова сала қызметкерлерімен Қоғамдық қабылдау жұмыстарын өткізіп, тиісті бағытта құқықтық кеңестер берді. Осы мерзімдегі Қоғамдық бірлестік күндері білім беру саласының 14 қызметкері кеңес алды. Оның ішінде ауылдық жерлердегі қатты отын сатып алуға төленетін өтемақы, сенбі күндері педагогтардың еңбекақыларын төлеу тәртібі, сонымен бірге іссапар төлемдері тәрізді мәселелер көтерілді. Заңгер тарапынан кеңес беру барысында білім берудің жаңартылған мазмұны аясында жұмыс істейтін педагогтардың кеңсе заттарына деген шығынның артуы мәселелері де көтерілді.
«Қазақстандық салалық білім және ғылым
қызметкерлері кәсіптік одағының
Павлодар облыстық ұйымы» ҚБ-ніңбаспасөз қызметі
-
Фото
-