Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің құрылғанына 45 жыл
26 қазан күні Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің құрылғанына 45 жыл толуына орай салтанатты жиын өтті. Университет ректоры Қуат Баймырзаевтың төрағалығымен өткен жиынға ғылыми кеңестің мүшелері, оқу орнының ұстаздары қатысты.
Білім ордасының басшысы еңбек ұжымын құттықтап, бірқатар ұстаздарға ғылымның дамуына, білікті мамандар дайындауға қосқан үлесі үшін І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің «Құрмет кітабына» енгізілгендігін растайтын сертификаттарын, «Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетіне сіңірген ерен еңбегі үшін» және «Ілияс Жансүгіров» төсбелгілерін, ректордың, облыстық, қалалық маслихаттың құрмет грамоталарын салтанатты жағдайда табыс етті. «1972 мұғалімдер институты болып бастау алған оқу орны – бүгінде облысымыздың жетекші, маңдайалды білім ордасы, өңіріміздің ғылыми орталығына айналды. 45 жыл ішінде университет заман талаптарына сай, сапалы білім беру арқылы бәсекеге қабілетті мамандарды шығарып, мыңдаған адамдарға өмірге жолдама берді. Бұл осыоқу ордасында еңбек етіп келе жатқан жоғары білікті профессорлар мен оқытушылардың арқасы», - деді өз сөзінде Қуат Маратұлы.
Сонымен қатар, білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Талдықорған аумақтық ұйымының бас маманы Л.Сағынғалиқызы университет жанындағы кәсіподақ ұйымының белсенді мүшелеріне Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Құрмет грамоталарын, сонымен қатар Талдықорған аумақтық кәсіподақ ұйымының бағалы сыйлықтары мен алғыс хаттарын тапсырды. Айта кететіні, қазіргі таңда университетте құрамында 700 астам мүшесі бар ірі кәсіподақ ұйымы тіркелген. Ұйым мүшелері Талдықорған аумақтық кәсіподақ ұйымы тарапынан ұйымдастырылатын барлық шараларға белсене қатысады.
Университет тарихынан:
Талдықорған педагогикалық институты 1972 жылы білім беру қызметін бастаған. Алғашқы жылдары жоғары оқу орнында филология және физика-математика атты факультетте 225 студент білім алып, 5 кафедрада 25 оқытушы қызмет атқарды. 1999жылдың21 сәуірінде ҚР Үкіметінің № 441 қаулысымен І.Жансүгіров атындағы Талдықорған университеті І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті болып өзгертілді.Бүгінгі таңда университет сәулетті 3 ғимаратта орналасқан. 7 факультет бар: физика және математика, педагогика және психология, жаратылыстану-техникалық, құқық және экономика, гуманитарлық, дене шынықтыру және өнер, қашықтан оқыту. Онда 41 мамандық бойынша 6 мыңға жуық студент білім алып жатыр. Университетте 350-ден астам оқытушы қызмет етеді.
Талдықорған аумақтық ұйымының
баспасөз қызметі
-
Фото
-