
ЖАҢА ТӨРАҒА САЙЛАНДЫ
Өткен жұмада Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Жамбыл облыстық ұйымының Сарысу аудандық комитетінің IV кезектен тыс сайлау Конференциясы өтті. Конференцияға аудандық кәсіподақ комитетінің 60-тан аса делегаттары, аудандық білім бөлімінің басшысы Ілияс Баймағамбетов пен Кәсіподақ төрайымы Гүлсін Орынбаева қатысты.
Конференция жұмысы Кәсіподақ төрайымы Гүлсін Орынбаеваның алғы сөзімен басталды. Ауданда атқарылып отырған кәсіподақ жұмыстарына оң бағасын берген Гүлсін Рахымжанқызы мұның барлығы білім мекемелерінің басшылары мен кәсіподақ комитеттерінің еңбегі екендігін, сонымен қатар аудандық кәсіподақ ұйымын 25 жыл табысты басқарған Дәмеш Орынбекованың еңбегі екенін баса айтты. Сайлау Конференциясының өз мерзімінен бұрын өткізіліп отырғандығының себебі де сол, Дәмеш Орынбекованың өтініш беруіне байланысты өкілеттігі өз уақытынан бұрын тоқтатылып отырғандығымен түсіндірді.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасын сайлау болатын. Бұған дейін ұйымның жарғысына сай Атқару комитеті Пленум шақырып, Пленум өз шешімімен Конференция шақыру туралы шешім шығарған болатын. Күн тәртібіне сай алғашқы мәселе қаралды. Аудандық кәсіподақ ұйымының төрайымы лауазымына осыған дейін төрайым міндетін атқарып келген Сұлтанбекова Гүлмира Нұрғалиқызының кандидатурасы ұсынылды. Осылайша, өзге ұсыныстар болмағандықтан ашық дауыс беру нәтижесінде Гүлмира Нұрғалиқызы бірауыздан Кәсіподақтың Сарысу аудандық комитетінің төрайымы болып сайланды.
Жаңа төраға өз сөзінде жұмысшыларды қорғай отырып, жанжалдық ахуалды реттеуде, қиын жағдайда ұйымның әрбір мүшесіне көмектесуге дайын екендігін айтып, мұғалімдер мен қызметкерлердің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешетін, ынталандыруды, еңбек тәртібінің сақталуы мен жұмыс уақытының тиімді өтілуін жүзеге асыратын, кәсіби шеберлікті арттыратын, олардың көп қырлы дарындарын дамытатын кәсіподақ көшбасшысы болу үшін барлығын жасайтынын айтты.
Маңызды шара кәсіподақ қызметінің белсенді мүшелеріне алғыс хаттар мен сыйлықтар тапсырумен аяқталды. Айта кету керек, Дәмеш Орынбекова осы жиында кәсіподақ саласындағы ең жоғарғы марапат ҚР Кәсіподақтар Федерациясының «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Ал талай жылдар мектеп басқарып, мыңдаған шәкірт тәрбиелеген, біраз уақыт Жаңатас қалалық кәсіподақ ұйымын басқарған Әлменбай Тойланбаев «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
Перизат БАҚЫТ
-
Фото
-