
ҰСТАЗДАР ҰСТАХАНАСЫНА – 50 ЖЫЛ
Әр адам мектеп қабырғасында білім алып, ұстаздан тәлім үйренеді. Мұғалім білімді болған сайын шәкірттің де танымы терең болады. Ол үшін ұстаздардың білім жинайтын, қалыптасатын ордасы болуы қажеттігі заңдылық. Сондай мұғалімдер ордасының бірегейі – Тараз мемлекеттік педагогикалық институты. Аталған білім ордасына жарты ғасыр толып отыр.
Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының 50 жылдық мерейтойы білім ордасы музейінің ашылуы рәсімімен басталды. Музейдің лентасын қию құрметі Қазақстанның Еңбек Ері, ТарМПИ түлегі Аягүл Миразова мен көрнекті ғалым Мұхтарбай Өтелбаевқа бұйырды.
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті атындағы мәжіліс залында Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Дария Қожамжарова, Түркияның Карабюк университетінің профессоры Енвар Капаган, Өзбекстан Республикасы Джизак мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры Әбдухапар Маматов «Түркі әлемі» халықаралық ғылыми журналын шығару туралы меморандумға қол қойды.
ТарМПИ ректорлары Аллеясы ашылды. Осы кезге дейін аталған институтты 11 ректор басқарыпты. Бұл жерде академик Мұрат Жұрынов, ТарМПИ-дің экс-ректоры Мұхтарбай Өтелбаев, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы Қайрат Балабиев сөз сөйлеп, Аллеяның ашылуы институттың дамуына атсалысқан кісілерге құрмет, студенттерге тағылым болатынына тоқталды. Институт ректоры Дария Қожамжарова мен студенттік ректоры Диас Бәйдібек «Болашаққа хат» капсуласын мемориалды тақтайшаның астына бекітті. Бұл – тарихи сәт. Бұйыртса енді осы институттың 50 жылдан кейінгі студенттері әлгі аманат хатты оқып, құрметтейтін болады.
Оқу ордасының мерейтойы «Баласағұн» орталық концерт залында «Заманауи білім беру тенденциялары: болашаққа көзқарас» тақырыбындағы І Халықаралық ғылыми Конгресінің пленарлық мәжілісімен жалғасын тапты. Қазіргі таңда білім ордасында 6 мың студент бар. 15 ғылым докторы, 200 ғылым кандидаты, 95 PҺD доктор еңбек етеді. Әр жылдары ректор болған Машрап Әбжанов, Қуандық Тұрдалин, Мұхтарбай Өтелбаев, Махметғали Сарыбеков, Асқар Абдуалының есімдерін аса құрметпен атап өтуге болады. Олар осы білім ордасын дамыту жолында маңдай терлерін төкті, міндеттерін адал атқарды. Облыста 451 мектеп директоры бар болса, олардың 200-і біздің білім ошағының түлектері екен. Осы жиынға ол кісілерді біз құрметпен шақырып отырмыз.
Институттың мақтанышына айналған бірқатар түлектерді атап өту керек. Олар – Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Гүлмира Исімбаева, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Маралтай Райымбекұлы, Тараз инновациялық-гуманитарлық институтының ректоры Ерболат Саурықов, бокстан екі дүркін Олимпиада жүлдегері Болат Жұмаділов, бокстан Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері Болат Ниязымбетов, қыздар арасында кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Фируза Шарипова, өнер жұлдыздары Досымжан Таңатаров, Саят Медеуов, Құрмаш Маханов, Бейбіт Сейдуалиева, Дана Маханбаевалар.
Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев пен облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев мерейтойға орай марапаттау рәсімін жүргізді. ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері атағына Қуандық Тұрдалин, Несіпбай Көшеров, Ордалы Қоңыратбаев, Рахым Садықбеков, Клара Бұзаубақова ие болды. Бірқатар қызметкерлерге Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі және облыс әкімінің Құрмет грамоталары табыс етілді.
Сондай-ақ, институттың өсіп-өркендеуі үшін еңбек еткен, шәкірт тәрбиелеудегі елеулі үлесі үшін «Құрмет» орденімен, «Ы.Алтынсарин», «ҚР Білім беру құрметті қызметкері», «ҚР ғылыми дамуына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен және Жамбыл облысы және Тараз қаласы әкімінің Құрмет грамотасымен Алғыс хатымен, облыстық және қалалық мәслихатының Құрмет грамотасымен, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының Құрмет грамотасымен, облыстық Кәсіподақ ұйымының грамотасымен үздік қызметкерлер марапатталды.
«Еңбекші»-ақпарат
-
Фото
-