
ҰСТАЗДАР ҰЛЫҚ БӘРІНЕН
Халықаралық мұғалімдер күні мерекесіне орай Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Жамбыл облыстық ұйымының Біріккен кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен Жамбыл политехникалық колледжінің мәжіліс залында «Ұстазға тағзым!» атты мерекелік бағдарлама өтті. Салтанатты шараға облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жамиля Бекбатырова, Кәсіподақтың Жамбыл облыстық ұйымының төрайымы Гүлсін Орынбаева, сондай-ақ облыстық білім басқармасына бағынысты білім мекемелерінің басшылары мен сала қызметкерлері, сала ардагерлері қатысты.
Мерекелік шарада алғашқы болып сөз алған Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Жамиля Бекбатырова ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтап, ұстаздық ету жай ғана кәсіп емес, бұл әркімге бұйыра бермейтін ұлы өнер екендігін, еліміздің өркендеуі, даму болашағы қазіргі жас ұрпағымыздың тәрбиелі, жан-жақты білімді болуы ұстаздардың арқаларында екендігін айта келе «Еңбек ардагері» медалімен Дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» мектеп-интернатының бас есепшісі Копбосынова Қаламқас Бейсенбайқызын марапаттады.
Шара барысында өз мамандығының шеберлері, білім саласына еңбегі сіңген ұстаздарды Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Жамбыл облыстық ұйымының төрайымы Гүлсін Орынбаева Құрмет грамотасымен марапаттады. Олардың қатарында Жамбыл политехникалық колледжі директорының орынбасары Данияр Мамытбеков, №2 Қаратау колледжінің оқытушысы Манзура Жакенова, «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының тренері Рабиға Мусабекова, «Құлан ауылшаруашылық колледжінің инспекторы Ержан Бошкаев бар.
- Балаға білім үйретіп, тәрбие тағылымын дарытып келе жатқан Сіздерді төл мерекелеріңізбен құттықтаймын! Өзінің ісімен, сөзімен, білімімен еліміздің болашағын ойлайтын, тәуелсіздігін қорғайтын білімді ұрпақтың тәлімгері – Сіздерсіздер, құрметті ұстаздар! Мерекелеріңіз құтты болсын!, - деп салтанатты түрде барша ұстаздарды құттықтаған «Білім беру ұйымдарының Біріккен кәсіподақ комитеті» Филиалының төрағасы Орынбеков Жанболат Тұңғышбекұлы Филиал атынан барлық бастауыш ұйымға бағалы сыйлықтар табыс етті.
Жиын соңы ұстаздар күніне арналған концерттік бағдарламамен жалғасты.
Азамат ТАУАСАР
-
Фото
-