
«Үлкендер жолы – ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып!»
Қазан айының 2 жұлдызында әлеуметтік әріптестіктің шаралары аясында дәстүрлі «Ұстаздар күні» мерекесіне орай облыстық білім басқармасы мен қалалық білім бөлімі басшысы және облыстық білім қызметкерлері кәсіптік одағы мен қалалық білім қызметкерлері кәсіптік одағы бірлесе ұйымдастырылған «Үлкендер жолы – ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып!» тақырыбындағы ардагер ұстаздармен кездесу салтанатты шарасы өткізілді.
Мерекелік шара екі тілде жүргізілді, шараға 60 ардагер ұстаздар шақырылды. Мерекеге келген қонақтарды жүргізушілер жылы жүзбен қарсы алып, мерекені сазды әуенмен, көңілді күймен бастады.
Ел мүддесін бәрінен биік қоятын, өзінен кейінгі ізіне ерген ізбасарларына ізеттігін аямайтын, ұрпағына ұлылығын ұялатып, бір қауымға бас-көз бола білген ардагер ұстаздарымыздың орны ерекше.
Әр халық, әр мемлекет ғасырлар бедерінде рухани жаңғырып, жаңарып отырады. Ал рухани жаңғыру мен жаңаруда білім берудің рөлі зор. Білім беру жолындағы ұстаздардың еңбектері ұшан - теңіз.
Мерекелік шараның алашқы құттықтау сөзі Маңғыстау Облыс білім басқармасы басшысының орынбасары Мамаева Гүлмира Қасымқызына және Ақтау қалалық білім бөлімі басшысы Тулебаева Светлана Дюмбаевнаға берілді.
Келесі құттықтау сөз облыстық білім қызметкерлері кәсіптік одағының төрайымы Баймбетова Тарбия Анайбековна мен қалалық білім қызметкерлері кәсіптік одағының төрайымы Еңсегенова Күнзираға берілді.
Қиын да қызғылықты ұстаздық қызметтің жетістіктерін, үздік үлгілерін насихаттап Қазақстанымыздың парасатты, білімді, іскер де ұлт жанды жас азаматтарын тәрбиелеудегі ортақ міндеттерді жүзеге асыруда әрқашан сіздермен біргеміз! - деген тілектерін жеткізе келе, облыстық білім қызметкерлері кәсіптік одағының төрайымы Т.А. Баймбетова 10 жолдаманы 100 мың теңгеден «Сосновой Бор» демалыс орнына тарту етті. Ал қалалық білім қызметкерлері кәсіптік одағының төрайымы К. Енсегенова 50 ардагер ұстаздарға «жылы жамылғы» сыйлығын тарту етті.
Ардагер ұстаздардың бірі, Ихсанов Бақтығали Рысқалиұлына облыстық және қалалық білім қызметкерлері кәсіптік одағы атынан Ақтау қаласындағы «Шағала» сауықтыру орталығына жолдама берілді.
Мерекелік кешке шақырылған әншілер мен күйшілер өз өнерлерін көрсетіп қошеметке бөледі. Салтанатты кештің соңында ардагер ұстаздар өз ризашылықтарын, жылы лебіздерін, алғыс тілектерін жеткізе келе, ұстаз қауымының еңбектеріне мол табыстар, биік белестер, шығармашылық жетістіктер тілеп, ақ баталарын берді.
«Қазақстан салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының
Маңғыстау облыстық ұйымы» ҚБ-нің маманы Аманиязова Асылтас
-
Фото
-