
ЖАМБЫЛДЫҚ АРДАГЕР-ҰСТАЗДАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Ұлы ойшылдар «Мұғалімдер көп, бірақ ұстаз бола алғандар аз» деген. Шындығында нағыз ұстаздық кім көрінгеннің маңдайына жазыла бермейтін бақыт. Әулиеата жері талантты ұстаздарға кенде болған емес. Бірнеше ұрпақтар легін тәрбиелеп, олардың бүгінде ел басқарып, түрлі салалар бойынша еліміздің өркендеп өсуіне, қарыштап дамуына үлес қосып жүргенін көріп жүрген ұстаздар баршылық. Осы орайда, ұстаздар күні мен қарттар күні мерекесі аясында Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқарамасы мен Білім қызметкерлері кәсіподағының ұйымдастыруымен ардагер ұстаздарға арналып ақ дастархан жайылды.
Мерекелік шараға мұғалімдердің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғауға байланысты анағұрлым тиімді жұмыстар жүргізуге мүдделілік танытып, әлеуметтік әріптестікті, салалық келісімдердің, мекемелердегі ұжымдық шарттардың орындалуын басты назарға алып, жұмыс берушілермен келіссөз жүргізуде ұйытқы болған, ұстаздардың құқықтық қорғалуын ұзақ жылдар қамтамасыз еткен бір топ кәсіподақ ардагерлері де қатысты.
Бір топ ардагерлердің атынан бүкіл саналы ғұмырын ұстаздық пен кәсіподақтық қызметке арнаған Садықова Айман, Абитаев Келіс, Ахметжанова Камилаш, Ақжолова Қалдыкүл, Төлегенова Гүлбаршын, Мусаева Сәуле, Жұмабаева Бақыткүл, Заурбекова Гүлзия мен Сергеева Жұмагүл сынды ардагерлер ақ тілек жаудырды, естеліктерімен бөлісті.
Шараны ұйымдастырушылар Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының басшысы Тұрмаханбетова Рахия Сейтбекқызы мен Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Жамбыл облыстық ұйымының төрайымы Орынбаева Гүлсін Рахымжанқызы қазыналы қарттарға мерекелік сыйлық табыстап, дендеріне саулық тіледі. Кеш соңы концерттік бағдарламамен жалғасты.
Перизат БАҚЫТ,ЖАМБЫЛ облысы
-
Фото
-