Павлодар облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы жұмысының басым бағыттарының бірі – педагогикалық еңбек ардагерлеріне қамқорлық ету
Облыстық кәсіподақ ұйымы соңғы төрт жыл ішінде облысымыздың білім беру жүйесін дамытуға еңбектері сіңірген Ұлы Отан соғысы және педагогикалық еңбек ардагерлері мен тыл жұмыскерлерін мамыр айының мерекелері әрі Мұғалімдер күні қарсаңында сауықтыру мақсатында «Энергетик» шипажайымен тығыз жұмыс атқарады. Осы мерзім аралығында 275 ардагер денсаулықтарын түзеп, демалу мүмкіндіктеріне ие болды.
Шипажайдың білікті дәрігерлері, қызмет көрсету персоналы, жағымды жағдайлары, толыққанды тамақтану денсаулықты жақсарту ғана емес, сонымен қатар көңіл-күйге де өзінің оң әсерін тигізері сөзсіз. Сонымен бірге замандастар арасында өткен тарихқа шолу жасап, өткенді еске алып, білім беру жүйесінің маңызды мәселелерін де талқылауға мүкіндіктері туды.
Биылғы жылы Мұғалімдер күні мерекесі қарсаңында аталмыш шипажайға білім беру ұйымдарынан 30 ардагер сауықтырылды. Емшара қабылдап болған соң, шипажайдың 2 қабатындағы холлда баян аспабын тастамайтын Мейрам Махметұлы көптеген әндер шырқап, би билеп, мұғалімдердің орны мен рөлі, тыңғылықты тақырыптары аясында түрлі пікірталастар ұйымдастырды. Оның ішінде ардагердің қазіргі білім беру жүйесіне қосар үлесі туралы ақпаратпен бөлісті және Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған «...білімнің салтанаты жалпыға ортақ болуға тиіс... Біз бүгінгі жаңа атаулы ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл жағдайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгертуге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді» деген пікірін алға ұстадық.
Жыл сайын сауықтыру барысындағы ұйымдастырылатын мәдени іс-шаралар да тиянақты әрі орынды ойластырылған. Мұражайларға, шіркеулер мен мешіттерге бару тәрізді шаралар қарастырылған. Биылғы жылы Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында Ж.Шаниннің «Арқалық батыр» трагикомедиясын және А.П.Чехов атындағы драма театрында қойылған Ж.Летразаның «Крошка» музыкалық комедиясын тамашаладық.
Ал 26 қыркүйекте Мұғалімдер күні мен Қарттар күні мерекелеріне байланысты 50 педагогикалық еңбек және кәсіподақ ардагерлеріне дастарқан жайылып, мерекелік ас берілді. Аталмыш мерекелермен облыстық білім беру басқарма басшысының орынбасары Ж.П. Қарамбаев және Павлодар облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Г.Ә. Наурызбаева құттықтап, өздерінің жылы лебіздерін, игі тілектерін жолдады. Б.Ахметов атындағы Павлодар педагогикалық колледжінің шығармашылық тобы көңілімізді көтеріп, концерттік бағдарлама қойды. Мерекелік кешке өзіміз де барынша қатысып, сұхбат алысып отырдық. Ардагерлер қатарынан Никитина Надежда Дмитриевна өзінің алғашқы дәрісін еске алса, Маралбаева Рымкеш Ұлтайқызы және Акатаев Думаш Сүлейменұлы да өздерінің еңбек жолдарындағы қызықты сәттерімен бөлісті.
Концерттік бағдарламаның соңын ардақты ардагер-ұстаз Махмет Демесінұлы Демесінов аға буын өкілдерінің де білім беру саласына әрі рухани жаңғыру жолында барынша үлес қосуы тиіс деген пікірмен тәмамдады.
Елубаевтар отбасы, педагогикалық еңбек ардагерлері,
Павлодар облысы Екібастұз қаласы
-
Фото
-