Шығыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы Еңбек күні мен Мұғалімдер күніне арналған салтанатты жиын өткізді
23 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы Еңбек күні мен Мұғалімдер күніне арналған салтанатты жиын өткізді. Аталған шараға жергілікті билік пен облыстық білім басқармасының өкілдері шақырылып, педагогикалық еңбек ардаргерлеріне, білім саласына еңбегі сіңген есепшілер мен кіші қамту қызметкерлеріне құрмет көрсетілді. Шақырылған қонақтарға арнаған құттықтау сөзінде кәсіподақ ұйымының төрағасы Назгүл Қасенова еңбек күні мен мұғалімдер күнінің ерекшілігін атап, мерекелермен құттықтай келе: «... білім саласының қызығы мен қиындығын бірге көріп, бір жүкті жұмыла көтеріп келе жатқан Сіздерге Өмірдің бейбіт аспанын, жұмыстың өрлейтін асқарын тілейміз! Қажымай, талмай, сүйікті қызметтеріңіз тек бақытты, баспалдақты жемісін бере берсін! Сіздердің еңбектеріңіз зор құрмет пен шынайы алғысқа лайық»-деп, ыстық ықыласын білдірді.
Кездесу барысында шақырылған ұстаздардың, есепшілердің, кіші қамту қызметкерлерінің қызмет орындарынан алдын ала алдырылған фотолардан слайдтар жасалып, олардың еңбектегі жетістіктері мақтанышпен көпшілікке ұсынылды. Алғыс хатпен марапатталып, бағалы сыйлықтар табыс етілді. Музыкалық училищенің түлектері кездесуді өз өнерлерімен өрнектеп, жиынның салтанатын арттыра түсті. Келген қонақтар еңбектерінің осылай бағаланып, еленіп жатқанына дән риза болып тарқасты.
-
Фото
-