
САЙЛАУ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ
Өткен жұмада «Тараз Мемлекеттік Педагогикалық институтының бастауыш кәсіподақ ұйымы» Филиалының кезектен тыс ІV сайлау конференциясы өтті. Аталған жоғарғы оқу орнының мәжіліс залында өткен конференция жұмысына институт ректоры Дария Қожамжарова, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Жамбыл облыстық ұйымының төрайымы Гүлсін Орынбаева және оқу орнының кәсіподақ активі мен профессор-оқытушылар құрамының өкілдері қатысты.
Конференцияның басталуымен алғашқы болып сөз алған Кәсіподақ төрайымы Гүлсін Орынбаева жоғарғы мектеп оқытушылары мен қызметкерлерін жаңа оқу жылымен құттықтап, биыл құрылғанына 50 жыл толғалы отырған институттың алдағы жұмысына сәттіліктер тілеп, конференцияның өту тәртібімен таныстырды.
- Биылғы жыл сіздердің оқу орындарыңыз үшін ерекше болмақ. Себебі, осыдан 50 жыл бұрын құрылып, алғашқы талапкерлерді қабылдаған оқу орны бүгінде аймақтағы бірден-бір үздік жоғарғы оқу орындарының біріне айналған. Мұның барлығы да ең алдымен ұжымның, профессор-оқытушылар құрамының нәтижелі еңбегінің нәтижесі, - деген Гүлсін Рахымжанқызы Кәсіподақ жарғысына сәйкес сайланбалы органдардың өкілеттік мерзімі 5 жыл екендігін, соңғы есеп беру-сайлау конференциясы 2014 жылдың сәуір айында өткенін, бүгінгі сайлау конференциясы бұрынғы кәсіподақ ұйымының төрағасы Абай Шырақбаевтың қызмет орнын ауыстыруына байланысты өтіп жатқандығымен түсіндірді.
Мандат комиссиясының хабарламасынан кейін өкілеттігі расталған конференция делегаттары күн тәртібіндегі негізгі мәселе «Тараз Мемлекеттік педагогикалық институтының кәсіподақ ұйымы» Филиалының төрағасын сайлауға көшті. Әріптестерінің ұсынысымен қызмет жолын осы оқу орнында бастап, бүгінге дейін табысты еңбектеніп келе жатқан «Философия және толеранттылық» кафедрасының аға оқытушысы Ізтілеуов Абай Әнесұлының кандидатурасы ұсынылып, сайлау нәтижесі бойынша Абай Әнесұлы бірауыздан Кәсіподақ төрағасы болып сайланды.
Өз кезегінде жаңа төраға білдірілген сенімге ризашылығын айтып, алдағы уақытта ұжымдық келісім-шарт жасасу мен оны іске орындау, қызметкерлер мен олардың балаларын сауықтыру, марапаттау және мәдени іс-шараларды ұйымдастыру, еңбек және техника қауіпсіздігі мәселелеріне баса көңіл бөлетінін жеткізді.
Бейбіт БЕКНАЗАРОВ,ЖАМБЫЛ облысы
-
Фото
-