
Сарқан ауданында «Мектепке тағзым» акциясы
Алматы облысы Сарқан ауданы Қойлық ауылындағы М.Жұмабаев атындағы орта мектепте «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Мектепке тағзым» акциясы бойынша жұмыс нәтижелі жүргізілуде.
Ауылымыздан түлеп ұшқан кешегі түлектер бүгін мектепке тірек болуда. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы елде атқарылып жатқан игі істердің бастамашысы болып табылып, туған жерге деген сүйіспеншілік, туған елге, Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласуда.
Осы ретте «Білім күні» мерекесіне орай Сарқан ауданының әкімі Ерғазы Қошанбековтың қатысуымен өткен акцияда ауылдан түлеп ұшқан түлектер тарапынан мектепке көптеген сый-сияпаттар тарту етілді.
Атап айтсақ, Мерекенов Тасболат - 1 бейнекамера, 5 іс тігетін машина, Рожаев Балтабек - 15 домбыра, Мусин Қайраттың әулеті түрлі-түсті теледидар, Дүкенбаев Әсет еркін күреске қажетті спорттық жабдықтар, Шоқановтартар әулеті - 14 спорттық доп, командалық киімдер, Қазанатова Күләй - 100 түп раушангүлін сыйлады.
Мұқашевтар әулеті 15 жылдан астам уақыт мектеп оқушыларына «Мектепке жол» акциясы аясында, сонымен қатар «Жаңа жыл» мерекесінде сыйлықтар таратуды дәстүрге айналдырған. Биылғы оқу жылында да осы үрдіс жалғасын тауып, 1сыныптың табалдырығын аттаған 60 бүлдіршінге сөмке, сабаққа қажетті құрал-жабдықтар тарту етілді.
Сондай-ақ, Қазақ Ұлттық техникалық университетінің кафедра доценті Мұңсызбай Төлеухан Мұсалімұлы және химия ғылымдарының кандидаты, доцент Шоқанов Әділхан Қасымбекұлы оқушыларды ҰБТ-ге дайындауға атсалысатындарын айтты.
Осындай демеушілеріміздің арқасында Қойлық ауылындаға білім ордасының материалдық – техникалық базасы нығаюда. Еліміздің түкпір-түкпірінде елеулі еңбек етіп, туған жеріне көмек жасаған жомарт жандар - ауыл азаматтарына айтар алғысымыз шексіз.
Елбасы Н.Назарбаевтың ұсынған «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналуы тиіс.
Жанат Мұқашев,Сарқан аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы
-
Фото
-