
Кәсіподақ – игі істер бастамасы
Биылғы жылдың маңызды оқиғаларының бірі - инновациялық жобалардың «Экспо-2017» Халықаралық көрмесі. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, ЭКСПО көрмесі – барша адамзатты алаңдатар күрделі мәселелерді тиімді шешу жолдарын ұсынатын инновациялық технологиялардың саябағы.
Халықаралық көрме ашылған күннен бастап елімізге келген қонақтар, сондай-ақ ел тұрғындары қазіргі таңда сұранысқа ие балама энергия көздерін алатын инновациялық жобалармен, сондай-ақ көрмеге қатысушы мемлекеттердің мәдениеттерімен, салт-дәстүрлерімен танысуда.
Еліміздің түкпір-түкпірінен ағылып келіп жатқан қонақтарға көрмемен танысу мүмкіндігін сыйлауға атсалысып отырған түрлі кәсіпорындар, мекемелер мен ұйымдар көптеп саналады.
Сондай ұйымдардың бірі - Саран қаласы білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы. Аталмыш ұйым Ольга Свиргунның басшылығымен талай игі істердің ұйытқысы болып келеді. Бұл жолы кәсіподақ тарапынан қолдау көрсету қаламыздағы №13 орта мектеп ұжымына бұйырды.
Мектеп ұжымы ЭКСПО көрмесін тамашалап, қазақстандық «Нұр Әлем», сондай-ақ Жапония, Корея, Қытай, Африка мемлекеттерінің, Европа елдерінің павильондарымен танысты. Олардың ішінде «Нұр Әлем» павильоны өзіне тән ерекшелігімен көрме қонақтарының көңілдерінен шықты.
Көрмеден көтеріңкі көңіл-күймен, өз елдеріне деген мақтаныш сезіммен оралған мектеп ұжымы өздеріне осындай тамаша мүмкіндік сыйлаған кәсіподақ ұйымына шексіз алғыстарын білдірді.
Алдағы уақытта да кәсіподақ ұйымы осындай игі істерге мұрындық болып, ұйым мүшелеріне әлі талай қуаныш сыйлайтыны сөзсіз.
Саран қаласының № 13 жалпы білім беру мектебі кәсіподақ ұйымының төрағасы Надежда Понкратьева