Білім күні салтанатпен аталып өтті
Бүгін еліміздің барлық мектептерінде жаңа 2017-2018 оқу жылы басталды. Дәстүрге айналған салтанатты шара Алматы облысы Панфилов ауданына қарасты Үшарал орта мектебінде жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Оған аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы Панфилов аудандық комитетінің төрағасы М.Тұрлыбаев, мектеп директоры Қ.Буканов, Үшарал ауылдық округінің әкімі Т.Тілеубергенұлы, еңбек ұжымы, ата-аналар мен оқушылар қатысты.
Мектеп қабырғасын аттағалы отырған бүлдіршіндер ортаға шақырылып, мемлекеттік туды енгізіліп, Қазақстан Республикасының гимні орындалды. Таңның атысымен құшақ-құшақ гүлдерін ұстап, мұнтаздай киініп, бал-бұл жайнаған жайдары балалар мектеп ауласында сап түзеп, «Мен өз елімнің патриотымын» атты тақырыпта мерекелік қойылымдарын бастап кетті.
Алғашқы құттықтау сөзді мектеп басшысы алып, өткен жылдағы жетістіктерге тоқталып, биылғы жылдың басты жаңалықтарын бөлісті. «Өткен оқу жылы 37 бала мектеп қабырғасын аяқтаса, оның 7-уі мемлекеттік грантқа иеленді. Биылғы жылы 850 бала білім алуға дайын. 11 сыныптың 1 оқушысы «Алтын беліге», ал ерекше үлгідегі аттестатқа үміткер 2 озат оқушымыз бар. Сонымен қатар, 116 оқушы мектеп табалдырығын аттағалы отыр. Биылғы жылдың жаңалығы 5 күндік білім беру форматына көшу және 40 минуттық сабақ кестесімен білім беріледі», -деді мектеп директоры Құрманғали Айтақынұлы
Келесі сөзді аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Мақытбек Әділұлы алып, барша оқушылар мен ұстаздар қауымын жаңа оқу жылымен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар, мұғалімдер қауымының қажырлы еңбегін қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлының сөзімен болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіретіндігін айтты.
Шара «Жас ұлан» ұйымының жыр шашуымен және мектеп оқушыларының әндері мен билеріне ұласты.
Салтанатты шара аяқтала салысымен қонақтар оқу бөлмелерін аралап, 11 сынып оқушыларының білім сабағына қатысып, ізгі тілектерін білдіріп, пікір алмасты.
Панфилов аудандық комитетінің маманыМ.Жұмабек
-
Фото
-