«ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАҢАРУЫ 3.0 - БІЛІМНІҢ ҮЛЕСІ» ТАҚЫРЫБЫНДАҒЫ ТАМЫЗ КЕҢЕСІ
Батыс Қазақстан облыстықбілім беру қызметкерлері кәсіподақ ұйымының қолдауымен және облыстық білім беру басқармасының ұйымдастырумен дәстүрлі облыстық тамыз педагогикалық кеңесі 2017 жылдың 19 тамыз күні қазақ драма театрында өткізілді.
Пленарлық кеңес отырысына облыс әкімі А.С.Көлгінов, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің өкілі, заң қызметі және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Н.Ә.Байжанов, облыс әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, облыстық басқармалар мен құқық қорғау органдарының басшылары, облыстық мәслихат депутаттары, жоғары оқу орындарының ректорлары, Батыс Қазақстан облысының білім саласындағы бақылау департаментінің, “Өрлеу” біліктілікті арттыру Ұлттық орталығы” акционерлік қоғамының филиалы Батыс Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының басшысы, білім және ғылым қызметкерлерінің облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы, білім беру ісінің еңбек ардагерлері және білім саласы ардагерлер кеңесінің төрағалары, барлық аудандар мен қала әкімдері, білім беру бөлімдерінің және оқу орындарының басшылары, мұғалімдер, жас мамандар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен барлығы – 310 адам қатысты.
Кеңес барысында педагогикалық еңбек ардагерлері мен биылғы жылы облыстың білім беру ұйымдарына келген жас мамандарға құрмет көрсетілді.
Сонымен қатар, облыстық байқаулардың қорытындылары жарияланып, наградаларды облыс әкімі А.С.Көлгінов табыстады. Нәтижесінде «Орта білім беретін үздік ұйым» облыстық байқауының жеңімпазы болып Бөрлі ауданы Ақсай қаласының № 4 жалпы орта білім беретін мектебі марапатталды.
Республикалық «Үздік педагог» байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздары – Орал қаласы № 34 «Балбұлақ» бөбекжайының тәрбиешісі А.М.Сагидуллина, Батыс Қазақстан облысының дарынды балаларға арналған мамандандырылған «БІЛІМ – ИННОВАЦИЯ» мектеп – лицей –интернатының география пәні мұғалімі А.Б.Сидарова, Орал ақпараттық технологиялар колледжінің алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушысы М.І.Аққалиевтар марапатталып, облыс әкімі атынан жеңімпаздарға сертификаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.
Білім беру қызметкерлерінің тамыз кеңесінде жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ісіне елеулі үлес қосқан ұстаздарға Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрлігінің наградалары табыс етілді. Марапаттау рәсімін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің өкілі, заң қызметі және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Н.Ә.Байжанов жүргізді.
Атаулы шарада білім беру басқармасы мен кәсіподақтың ұсынысымен "Ы.Алтынсарин" төсбелгiсiмен марапатталған ұстаздар: Батыс Қазақстан облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Н.М.Сабиров, Шыңғырлау аудандық білім беру бөлімінің басшысы А.Б.Сапаров, Зеленов ауданының Дарьинск ЖОББҚМ директоры Ш.З.Өмірзақова, Орал қаласының №23 ЖОББМ орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Е.Г.Сусорова. Ал, «Бiлiм беру iсiнiң құрметтi қызметкерi" төсбелгiсiмен марапатталған ұстаздар: Ақжайық ауданы «Бөбек» балабақшасының меңгерушісі Г.Ж.Қажғалиева, Сырым ауданы Бұлдырты ЖОББМ орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Қ.Б.Рамазанова, № 8 Дарынды балаларға арналған мектебінің география және биология пәні мұғалімі Л.Г.Чернецова, Батыс Қазақстан инженерлік – технологиялық колледжінің директоры С.А.Әлімбеков.
Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы М.О.Даупаев кәсіподақ саласындағы әлеуметтік әріптестігі және кәсіподақ қозғалысының дамуына зор үлес қосқаны үшін “Өрлеу” біліктілікті арттыру Ұлттық орталығы” акционерлік қоғамының филиалы Батыс Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының басшысы С.С.Измуханбетоваға және Теректі аудандық білім беру бөлімінің басшысы Д.Қ.Сапаровқа «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» белгісін табыстады.
Пленарлық кеңесте облыстық кәсіподақ ұйымымен бірлесіп ұйымдастырылған байқау нәтижелері түрлі номинациялар бойынша қорытындыланды. Бірлескен байқаулардың 5 жеңімпазы сертификаттар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ
аппаратының бас маманы Марина Темиргалиева
-
Фото
-