
ЖАМБЫЛДЫҚ ПЕДАГОГТАРДЫҢ ДӘСТҮРЛІ ТАМЫЗ КЕҢЕСІ
Тараз қаласындағы «Arai Plaza» бизнес орталығының мәжіліс залында жаңа оқу жылының басталуына негіз болған Тамыз конференциясы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы – білімнің үлесі» тақырыбында өтті. Ұстаздар қауымының алқалы жиынына облыс әкімі Кәрім Көкрекбаев, Білім және ғылым министрлігінің басқарма басшысы Бағымкүл Көптілеуова, жергілікті атқарушы билік өкілдері мен ұстаздар қауымы қатысты.
Жиында облыстың білім саласындағы жетістіктері мен жаңалықтары кеңінен сөз болып, облыс педагогтары жаңа оқу жылына сақадай сай екендіктерін жеткізді. Өңір басшысы қазіргі уақытта адами капиталды дамыту бірінші кезектегі мәселе екендігіне тоқталып, бұл бәсекеге қабілетті ұлт құрудың негізі екендігін атап өтті. Сондай-ақ, шығармашыл ұстаздарды ынталандыру мақсатында облыс әкімінің арнайы гранттарын құруды ұсынып, 3-4, 6-9, 10-сыныптарда оқитын мектеп оқушыларының білім деңгейін тәуелсіз бағалау және мектептегі білім сапасын бағалаудың аймақтық моделін құру қажеттілігін атап өтті.
- Бізге идеяға бай, жаңашыл өз ісінің мамандары керек. Оның сыры сапалы білімде жатыр. Сондықтан біз сіздерге, қымбатты ұстаздарға үлкен үміт артамыз, - деді Кәрім Көкірекбаев.
Сонымен қатар, аймақ басшысы облыстың мектептерінде компьютерлік орталықтарды жаңартуға және WI-FI арқылы жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімділікті қамтамасыз етуге арналған шараларды қабылдауды және облыс орталығындағы барлық мектептерде робототехникаға арналған дизайнерлерді әзірлеуді тапсырды.
Шара соңында облыс әкімі 19,5 миллион теңгенің сертификатын облыстық ерекше дарынды балаларға арналған «Дарын» мектеп-интернатының директоры Зәуре Дүзеноваға, 500 мың теңгенің сертификатын Байзақ ауданы «Сарыкемер» мектеп-гимназиясының директоры Мұхит Нәметқұловқа, Қордай ауданы Д.Қонаев атындағы №1 мектеп-гимназиясының директоры Суджат Сарғасқаева мен Тараз қаласындағы №41 гимназияның басшысы Жамиля Туребековға тапсырды. Өзге де еңбегі ерен мұғалімдердің жұмысы аталып өтіп, облыс әкімінің құрмет грамоталарымен және алғыс хаттарымен марапатталды.
Перизат БАҚЫТ,ЖАМБЫЛ облысы
-
Фото
-