
2014 жылы Елбасымыздың бастамасымен қолға алынған Қызылорда облысы Арал ауданындағы «Қамбаш» лагері 14 гектар жер алып жатыр. Бүгінгі күні аталмыш лагерьде орта және жоғарғы оқу орындарының білім алушылары демалумен қатар, қосымша білім алады. «Көп сөз – көмір, аз сөз – алтын» деп халқымыз қате айтпаған болса, 18-20 тамыз күндері ұйымдастырылған «Welcome to Қамбаш» студенттік ауысымынан алған өз әсерлеріммен бөліскім келеді.
Ең терең нүктесі 10 метрге дейін баратын, оның үстіне теңіз деңгейінен 58 метр биіктікте орналасқан Қамбаш көлі келген бойда көз тартып, өз сұлулығымен тамсандырды. Күн сайынғы 3 мезгіл ауқат, кешкілік жеміс пен айран бойға қуат берсе, таңертеңгі көлге түсу мен көңілді гимнастикалық жаттығулар денені шынықтырды. Топтардың аты да заманауи және патриоттық талаптарға сай келді, атап айтар болсақ, 50-ден астам лагерь тынығушыларынан құралған «Нұр Әлем», «Алаш», «Ақ Орда», «Орда Микс» топтары бақ сынасты. Спорттық спартакиада мен жайдарман секілді топтық сайыстар бәсекелестерге құрметпен қарауға үйретсе, «Team Building» пен «Энерджайзер» ойындары лагерьдегі 3 күннің креативті жаңалықтарына айналып, белсенді өмір салтының көркін кіргізді. Сондай – ақ, топтардың қабырға газеттері мен кешкілік би кеші жастардың күшіне күш қосып, белсенділер өмірін түрлендірсе, психолог Алма Аяғанова мен Рабиға Тасбергенқызының семинар-тренингтері студенттерге көп ой салып, қызықты әсер қалдырды.
«Ұрпақтың ұлықтығы ұстаздың ұлағатымен өлшенеді» деген сөз өте орынды айтылған. Болашақтың кілті – жастар санасы мұғалімдердің кәсіби біліктілігі мен жаңашылдығына тікелей байланысты.
Осындай дәстүрлі студенттік лагерьлердің жемісті және қызықты ұйымдастырылуына себепкер болып, жаңашыл идеяларды қолдаған Облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымына барша лагерь тынығушылары атынан алғыс айтамын.
Жасампаз Қазақстанның жалынды жастары көбейе берсін!
Нұрғалиев Жұбатхан Ерланұлы,
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті,
«Әлеуметтік жұмыс» мамандығының 3-курс студенті.
-
Фото
-