
Жетісу ұстаз ардагерлерлері "ЭКСПО-2017" көрмесінде
ЭКСПО-ның біздің елімізде өткізілуінің өзі - елімізге, Елбасына деген үлкен құрмет, нық сенім. Біз, әр ауданнан барған көп жылғы өтілі бар 36 кәсіподақ мүшелері оның ішінде еңбек ардагерлері, ұстаздар, көп балалы аналар облыстың, аудандардың құрметті азаматтары, халық ағарту ісінің озық қызметкерлері, республикалық мақтау грамоталарының иегерлері көрмеге тегін қатысу мүмкіндігін алды. Көрменің халқымызға тигізер пайдасы ұшан-теңіз.
Біріншіден, көрмеге 130-дан аса ел қатысты, 150 ел өкілімен достастық, болашағымыз үшін ол достықтың маңызы өте зор; достық ол – тыныштық, достық ол – бақыт, достық ол- бейбітшілік.
Екіншіден, әр елдің ғылыми жобамен алып келген бұрын ешкім ашпаған жаңалықтары, ғылыми инновациялық технологиялары көптеп көрсетілді. Міне, сол ғылыми жаңалықтарды біздің елдің де ғалымдары, ойлылары, жастарымыз іске асыра алса нұр үстіне нұр жауар еді.
Үшіншіден, жел қуатын, күн қуатын, су қуатын іске қосып, халық игілігіне пайдаланатын заман туса оның еліміздің болашақта көркеюіне қомақты пайдасын тигізері анық.
Төртіншіден, жалпы ЭКСПО-ның құрылымы, архитектуралық жобасы дүние жүзінде қайталанбас ғажайып бір ғимарат. Әр ел көрмесіне арналған павильондардың құрылымы көз тартады. Ендеше осындай ғылыммен, біліммен байланысты қайталанбас үлкен істі атқару мәртебесі біздің елге тапсырылған екен.
«Ақылды басшың болса, адаспассың», - дейді халық даналығы. Ендеше Елбасымыздың парасатты көрегенділігінің арқасында дүниежүзі елдерінің болашақтағы инновациялық құрылымдарының бастамасы біздің елден бастау алады десе де болады.
Біздің жас ұрпақты тәрбиелеудегі еңбегіміз еленді. ЭКСПО көрмесін тамашалаған ардагерлер мен кәсіподақ мүшелерін Елордадағы «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Амантаева Майра Тұрғанқызықарсы алып, қабылдады. Бүгінгі кәсіподақ ұйымының жоспарларымен, атқарылған істерімен таныстырды.
Үлкенге құрмет,
Кішіге ізет - дегендей
Білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының «Талдықорған аумақтық ұйымы» қоғамдық бірлестігіне және аудандық, қалалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одақтарына бірлескен шешімімен ЭКСПО көрмесіне баруға аудандар мен қалалардың ардагерлеріне тегін жолдама бергендерінізге алғысымыз шексіз. Ел үшін жасап жатқан еңбектеріне жеміс тілейміз.
ЭКСПО-ға барған ардагерлер атынан Кешубай Айман, Алматы облысы Ескелді ауданының құрметті азаматы, халық ағарту ісінің озық қызметкері