
«Жас кәсіподақ белсенділері: жаңару мен өрлеу» облыстық жазғы лагері
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдардың бәсекелік қабілетімен айқындалады»- деген болатын. Міне, осы орайда кәсіподақ қозғалысында жастардың белсенділігін арттыру мақсатында Қызылорда облыстық кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен«Жас кәсіподақ белсенділері: жаңару мен өрлеу»тақырыбында облыстық жазғы лагері шілде айының 21-23 күндері Жаңақорған ауданындағы «Талды су» лагерінде өтті. Егемен елдің ертеңі жас ұрпаққа тағлымды тәрбие мен сапалы білім беруде ең әуелі педагогтардың қарым-қабілеті, білім-біліктілігі терең болуы тиіс.
Шара барысында «Өрлеу» орталығының тренері Жанар Жұбауова семинар-тренингтер өткізіп, жас педагогтардың көшбасшылық қабілеттерін шыңдай түсті. Сондай-ақ көпшілік алдына шығып, өзін-өзі таныстыру, ортамен байланысып, сөйлеу мәдениетін қалыптастыруға жұмыс жасады. Ұстаз бір ғана мамандық иесі емес, ол бойына сан өнерді тоғыстырған, үнемі ізденіс үстінде жүретін ерекше тұлға. Барлық аудандардан келген педагогтар өздерінің шеберліктерін танытып, өнерлерін ортаға салды.
Көшбасшылар сонымен қатар, салауатты өмір салтын қалыптастырып, бұқаралық спортты дамытуға да үлес қосып келеді. Шара барысында тынығушылар төрт топқа бөлініп, эстафеталық сайысқа қатысты.
Сыр елінде арысы Арал, берісі Жаңақорған өңірі аралығында тарихи орындар аз емес. Солардың бірі қасиетті қарт Қаратау бөктері. Тіпті, Қаратаудың әрбір тасының өзі тарих. Тұмса табиғаты мен саф ауасын айтпағынның өзінде. Кәсіподақтың жас белсенділері осындай ғажайып мекенге саяхаттап, туған жердің тарихымен етене танысты. Тауға шығып, мөлдір бұлаққа шомылған белсенді топ өкілдері табиғат аясында арқан тартып, гір тасын көтеріп, қол күрестірді. Сондай-ақ Нептун күнін атап өтіп, бірін-бірі суға шомылдырып, жайдары жаздың бір күнін қызықты етіп өткізді.
Лагердің екінші күні «Қызыл кілем үстіндегі ұстаздар» атты кешкі шарамен қорытындыланды. Бағдарлама бойынша әр топ өздерін таныстырып, өнер жұлдыздарына пародия жасады.Педагогтар осылайша жан-жақты қырынан танылып, шығармашылық бейімдерін дәлелдеді. Үш күндік шарада тасада қалған жан болған жоқ. Бірі білімділігімен көзге түссе, бірі өнерімен өрге жүзді, ал енді бірі спортта үздік атанып, марапат биігінен көрінді. Бұл күні сондай-ақ түрлі шараларға қатысып, белсенділігімен көзге түскен бірқатар кәсіподақ көшбасшыларына арнайы номинациалар табыс етілді. Мәселен, Нұржан Оңдашов«Лагерь жұлдызы», Ерсұлтан Мұстафаев«Команда жанашыры», Жазира Ақбатырова«Жаңалық жаршысы», Самат Сейткулов«Жүзден жүйрек», Гүлзина Жалғасова«Үздік блогер», Рахымбек Нәсиев«Үздік спортшы», Иманбек Құдайбергенов«Жігіттің сұлтаны», Гаухар Төлебаева«Ең жас кәсіподақ белсендісі», Бердалы Жарқынай«Ұмытылмас имидж иесі», Нұрсұлтан Дінисламов«Үздік роль сомдаушы»номинациялары бойынша марапатталды. Міне, жас кәсіподақ көшбасшылардың үш күндік жазғы лагері осылайша қорытындыланды. Айта кету керек, енді алдағы уақытта аудандарда жалғасын табады.
Ескалиева Гүлнар,
Қызылорда облыстық кәсіподақ комитетінің төрайым орынбасары.
-
Фото
-