
ТӨРТКҮЛ ДҮНИЕ КӨЗ ТІККЕН – ЭКСПО
«Экспо-2017» Халықарылық көрмесі - ел тарихындағы айтулы оқиғалардың бірі. Осы күнге дейін ЭКСПОны тамашалауға әлемнің әр түпкірінен мыңдаған адам келді. Астанаға арнайы барғандардың қатарында әулиеаталықтар да бар. Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Жамбыл облыстық ұйымы аппараты қызметкерлерінен құралған делегацияны Гүлсін Орынбаева бастап барды.
Экскурсия көзімізге сонадайдан менмұндалап көрінген халықаралық көрменің негізгі нысаны, диаметрі 80 метрлік «Нұр Әлем» сферасынан басталды. Бұл павильондағы «Болашақ энергиясы» музейінде еліміздің тарихымен жақынырақ таныса алсақ, бұдан бөлек «Болашақ Астана – 2050 жылдағы Қазақстанның астанасы» экспозициясын, ғарыш энергиясы залын, «Жасампаз энергия» аймағында орналасқан энергетика және қоршаған ортаны қорғау салаларындағы отандық ғалымдардың үздік жобаларын, «Токамак» Қазақстандық термоядролық материалтану реакторының моделін, энергетика мен қоршаған ортаны қорғауға қатысты Мемлекет басшысының бастамалары көрсетілген медиа-тақтаны тамашалай алдық. Ғылымның соны жаңалықтарымен танысқан Кәсіподақ төрайымы Гүлсін Орынбаева өз ойымен бөлісті.
- Елімізде жаһандық масштабтағы шара өткізіліп жатқанда, әрбір отанын сүйген азамат бұл оқиғаны назарынан тыс қалдырмайтыны анық. Біз де 50 жуық адам арнайы осы көрмені тамашалауға келдік. Төрткүл дүние назарын елімізге аударған ЭКСПО көрмесі Қазақстанның әлеуетін айқындауда оң имидждік рөл атқарып, жаһан елдерінің мәдениет алмасу үрдісінің үдеуі мен инновациялық бағыттағы халықаралық қатынастарының нығаюына себепкер болуы тиіс деп ойлаймын, - деді Гүлсін Рахымжанқызы.
«Нұр Әлем» павильонынан кейін туристер өздері қалаған әлем елдерінің көрмелерімен танысты. Көпшіліктің қызығушылығын АҚШ, Германия, Израиль, Малайзия, Сингапур, Ресей, Жапония, Өзбекстан, БАӘ және Қытай сынды алпауыт елдердің көрмелері қызықтырды. Әріптестертаңданысынжасыраалмай, әсерлеріменбөлісіпжатты.
- Мен Қазақстанда туылып, елімізде осындай шараның өтіп жатқанына қуанамын. Тәуелсіздік алғалы бергі талай әлемдік додаға қатысқан Қазақстан, енді сондай мүмкіндікті өзінде өткізуде. Бүгінгі біз тамашалап отырған халықаралық көрмеміз соның айқын дәлелі. Әлбетте, бұл зор жетістікке қолжеткізуімізге Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қосқан үлесі орасан. Отбасымызбен, бала-шағамызбен Астанаға келіп, көрме тамашалауға мүмкіндік берген Гүлсін Рахымжанқызына да алғысым мол. Менің кеудемді елім үшін мақтаныш сезімі кернеуде," -деді Ерлан Нұрмұханбетов.
Келесі күнді біз ерке Есілдің бойында орналасқан Астананың әсем жерлерін тамашалауға арнадық. «Тараз-Профсоюз-Турист» мекемесінің арнайы автобусымен Тәуелсіздік монументін, Отан қорғаушылар мемориалдық кешенін, «Думан» ойын-сауық кешені, мұхитаралын, «Бейбітшілік және келісім сарайы», «Әзірет Сұлтан» мешіті, Президент Резиденциясы - Ақорданы, Қазақстан Республикасы Сенаты мен Парламентін, Министрлер үйін, «Қазақстан» киноконцерт залын, Астана қаласындағы ең үлкен Президент саябағын аралап, тынықтық.
Талғат ТАЛАПҰЛЫ.
ЖАМБЫЛ облысы.
-
Фото
-