
ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫС-ЖАН СЕРГІТЕДІ
Білім беру саласы қызметкерлері үшін жазғы еңбек демалысы жыл бойғы жауапты жұмыстан, ауыр жүктен жеңілдеп, ойды демалдыратын, күш-қуат алып, сергектік сезімге түсетін кезең. Осындай демалыста қызметкерлерінің әрбір күнінің сәтті өтуін тілеп, оларға көтеріңкі көңіл күй сыйлауды білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы мақсат тұтады.
Шілде айында Қамбаш көлінің жанынан ашылған «Наурыз» демалыс орнының басшысы, жеке кәсіпкер Айгүл Әбенова мен «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Қызылорда облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Райкүл Байназарованың өзара келісімінің негізінде 11-13 шілде аралығында Қармақшы ауданынан 28, Арал ауданынан 12 білім қызметкері отбасымен, балаларымен 3 күндік демалысқа жолдама алды.
Демалуға жолдама алған жас қызметкерлермен Арал ауданының білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы төрағасы Ерболат Аймағамбетов пен Қармақшы ауданының білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы төрайымы Жұлдызай Молдабаева бірге болып, түрлі іс-шаралар ұйымдастыруға атсалысты. Ән, би, ойын кештері ұйымдастырылып, жастардың барлығы шараларға белсенділікпен қатысып, таза ауада тыныстап, суға шомылып, отқа пісірілген тағамдар татып бір сергіп қалды. Мұндай қызықты да қуанышты демалыс сыйлаған кәсіподақ ұйымына алғаусыз алғыстарын айтып, жас ұстаздар бір-бірімен қимай тарқасты. Ерекше әсер сыйлайтын, еңбектің ескерусіз қалмайтынын сезіндіретін осындай демалыстар мен саяхаттар жиі болса, еңбек етуге деген құлшынысымыз арта берер еді деді олар. «Наурыз» демалыс орнында демалушыларға қажет барлық жағдай жасалғандығы да қызметкерлерді қуантты.
Жазира АҚБАТЫРОВА, №21 «Тоғжан» ясли-бақша қызметкері