
Жазғы тынығу мазмұнды өтуде
Мектеп оқушыларының жазғы демалысы — олардың жақсы тынығып, денсаулықтарының нығайып, нағыз ойы мен бойының өсіп, кемелденетін шағы. Жазғы демалыс уақыты басталысымен мектеп оқушыларының жазғы тынығу-сауықтыру лагерлерінде демалуын ұйымдастыру жұмыстары да қыза бастайды. Жыл өткен сайын демалыстың бұл түрі де өзгешеленіп, маңызы тереңделе түсуде және осыған сай кәсіподақ ұйымдарының жұмыстары да жандана түсуде.
Биылғы жылы кәсіподақ ұйымдарының атсалысуымен, яғни тікелей демеушілік етуімен Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы бойынша 240 бала демалуға мүмкіндік алды. Нақтылай айтатын болсақ, 100 бала аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының демеушілік етуімен аудан аумағындағы Қаратау етегіндегі Құттықожа елді мекенінде орналасқан «Тау самалы» лагерінде демалуға мүмкіндік алса, облыстық білім саласы қызметкерлері кәсіподағы мен аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының біріге отырып ұйымдастыруымен Жаңақорған ауданындағы «Талды су» лагеріне-31; Оңтүстік Қазақстан облысы аумағындағы «Таң нұры» лагерінде-47; сұлу Көкше өңіріндегі «Лесная сказка» лагерінде-50 бала тынығып, демалуға мүмкіндік алды.
Демалыс уақытының көңілді өтуі, ең алдымен оның жұмысының жүйелілігіне де тікелей байланысты. Осы қағиданы басшылыққа алған аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы қызметкерлері «Тау самалы», «Талды су» лагерлерінде жиі болып, лагерь қызметкерлерімен бірге қызықты конкурстар, түрлі тақырыпта көңілді іс-шаралар ұйымдастырып тұрады. Осындай іс-шараның бірі жақында «Тау самалы» лагерінде болып өтті. «Өнер қырандары» сайысын аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының маманы Аягөз Әшім ұйымдастырды. Қызықты да тартымды өткен бұл сайыс балалар есінде көпке дейін сақталатыны анық. Сайыс соңында жеңімпаздар кәсіподақ тарапынан бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы, Айсұлу Пазылова