Астана мерекесі - «Шағала» төрінде
Балалар асыға күтетін қызыққа толы жазғы маусым нағыз лагерде демалатын қызықты кезең. Əр баланың денсаулығын жақсартып, өмірге құлшынысын арттырып, демала отырып, қабілетін ұштайтын, белгілі деңгейде еңбек, өнер, спорт дағдыларына баулитын мазмұнды демалысты ұйымдастырудың маңызы зор екені даусыз. «Бар жақсылық балаларға» дегендей,ауданда, облыста, қазақ елінің түкпір-түкпірінде лагерлерді ашып, демалыстардың жоғарғы деңгейде өтуіне үлкен көңіл бөлінуі де шынайы қамқорлықтың көрінісі.
Рас, жайраңдаған жаздың қуаныш пен шаттыққа толы ұмытылмас естеліктері балалардың осындай жазғы демалыс лагерінен бастау алатыны сөзсіз. Біздің ауданымыздағы бірнеше жылдан бері жұмыс жасайтын «Шағала» балаларды сауықтыру демалыс орталығы да балаларды қызықты әлемге жетелейтін орталық. Сол қызықты сәттердің бірі- биылғы Астана күні мерекесінің лагерде тынығушы білім саласының қызметкерлерінің балаларының демалатын кезеңіне сәйкес келіп, аудандық кәсіподақ комитеті мен комитет жанынан құрылған «Серпін» жастар кеңесі мүшелерінің ұйымдастыруымен Астана күні ерекше болып өткізілді. Бұл айтулы мерекені Қызылорда облысы Қазалы аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Раман Әбілқасым Қуантқанұлының лагер тынығушыларын құттықтау сөзімен бастады.
Бас қаламыз Астананың туылған күні 1998 жылы 6 мамырда Елбасының жарлығымен Қазақстан Республикасының астанасы Астана қаласы болып аталғанын, Елорданың атауы Астана болып өзгертілгенін, Тәуелсіз еліміздің бүкіл әлемге танылып шарықтауының, қазіргі таңда әлемді дүр сілкіндірген ЭКСПО-2017 көрмесінің қазақ елінде өтіп жатқандығы тілге тиек етілді. Одан әрі оқушылармен ән әуеніне ілесе отырып, түрліше сәлемдесу үлгісімен балаларға психологиялық тренингті Қуанышбаева Гүлжайна өткізді. Ол тренингте көзбен, қолмен, иықпен, баспен түрліше қимыл көрсете отырып амандасқандары балаларға тамаша сергіту сәтін сыйлады. Балаларға жақсы көңіл-күй сыйлаған тренинг жұмысы эстафеталық ойындарға жалғасты. Толыбай Кенжебек мен Нарегеев Болатбектің басшылылығымен, әділ-қазылық етуімен «Сергектік» тақырыбымен тынығушылар арасында өткізілген эстафеталық сайыста «Жалын», «Барыс», «Қайсар» топтары «Кім жылдам?», допты жерге соғу, қаппен секіру, секіртпемен жүгіріп барып допты алып қайту, бұқа тартыс, арқан тарту сияқты ойын түрлерінен сайысып, балалардың спортқа бейімділіктерін байқады. Сайыс жеңімпаздарын құттықтау ретінде кәсіподақ жастарының орындауымен «Биле жастық» әні тарту етіліп, тынығушылармен бірге флешмоб биі биленді. Мерекелік кеш лагер демалушыларының Астана туралы ән-билерімен жалғасты. Қорытындысында аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Раман Әбілқасым Қуантқанұлы өткізілген іс-шара туралы өз пікірін білдіріп, кәсіподақ ұйымының атынан тынығушылар арасында алдын ала Астана мерекесіне байланысты өткен сурет, қолөнер, өнер байқауларының жеңімпаздары «Алғыс хаттармен» марапатталып, жүлдеге дойбы мен шахматтар берілсе, «Сергектік» сайысынан І- орын алған «Қайсар» тобының қатысушыларына «Мақтау қағазымен» бірге спорттық доп, ІІ- орын алған «Жалын» тобына тоғызқұмалақ, ІІІ-орын алған «Барыс» тобының қатысушыларына теннис таяқшасын сыйлап, Астана күні мерекесіне сыйлық ретінде «Балаларға базарлық» айдарымен балмұздақ таратылды. Лагердегі оқушылардың ән айтып, би билеген жүздерінен жақсы демалып жатқандығы көрініп тұр. Қайсысымен әңгімелессең де, жаз мезгілін жыл сайын асыға күтетінін, лагерьге келу арқылы көп дос табатынын, түрлі іс-шараларға қатысып, көңіл көтеретінін айтып мәз-мейрам болысады. Осылайша лагерьдің бір күні бізбен бірге мәнді де сәнді өтті. Бұл тұста балалардың демалыс күндерін қызықты өткізуге үлес қосқан тәрбиешілердің еңбектерін де атауға болады. Алда, осы жаз мезгілінде білім саласы қызметкерлерінің балалары кәсіподақ ұйымының жеңілдіктерімен әлі де Түлкібастағы «Таң нұры», Жаңақорғандағы «Талдысу», Көкшетаудағы «Лесная сказка» лагерлерінде тынығып, демалатынын қуана айтуға болады.
Жұмағазиева Роза БөгенбайқызыҚызылорда облысы,
Ы. Алтынсарин атындағы №204 мектептіңқазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі