
Тәні саудың – жаны сау»
2016 жылдың 24-26 маусымы аралығында Шал ақын ауданындағы «Аю тас» демалыс лагерінде облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіби одағының мұрындық болуымен, білім және ғылым жұмыскерлері арасында дәстүрлі ХVІІІ облыстық «Ұстаз» спартакиадасы өтті. Спартакиадаға облыстың аудандарынан және М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-нен 14 команда қатысты. Командалар сапқа тұрғызылып, дайындықтары туралы рапорт берілді. Облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің төрағасы Оразымбетов Назымбек Кенжебаевич барлық қатысушыларды спартакиаданың ашылуымен құттықтап, сәттілік тіледі. Жарыстың басты мақсаты бұқаралық спортқа тарту және мұғалімдердің денсаулығын жақсарту екендігін де тілге тиек етті. Жарыстың бас төрешісі М.А.Аубакиров жарыстың бағдарламасымен және төрешілер алқасымен таныстырды.
Командалар спорттың алты: волейбол, шахмат, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, дартс және арқан тарту түрлерінен сайысқа түсті. Волейбол ойыны екі алаңда, төрт топқа бөлініп, жанкүйерлердің қызу қолдауының арқасында өте қызықты да, тартысты өтті. Волейбол жарысында жүлделі ІІІ орынды Жамбыл ауданынң волейболшылары Қызылжар ауданының спортшыларымен тартысты өткен кездесуде жеңіп алды. ІІ орынды Есіл ауданының волейболшылары иемденді. Ал волейбол ойынының чемпионы, яғни І орын иегерлері Ғ.Мүсірепов ауданының волейболшылары болды. Зияткерлік ойындарда: тоғызқұмалақтан ІІІ орын Айыртау ауданының тоғызқұмалақшыларына бұйырса, ІІ орын Ғ.Мүсірепов ауданының спортшыларының уысында қалса, І орын алдарына жан салмаған Шал ақын ауданының спортшылары Нұртазин Айбек және Бейсенбиева Қызғалдақтың үлесіне тиді. Шахматтан ІІІ орын Тайынша ауданының шахматшыларына, ІІ орын Ғ.Мүсірепов ауданының спортшыларына бұйырды. Шахматтан жарыс чемпиондары болып Айыртау ауданынан келген аудандық білім бөлімінің басшысы Жакупов Сайранбек пен Есмағзамова Айнаш атанды. Дартстан жүлделі ІІІ орын Айыртау аудандық оқу бөлімінің басшысы мен кәсіподақ комитетінің төрайымының еншісінде болса, ІІ орын Жамбыл ауданының оқу бөлімінің басшысы мен кәсіподақ комитетінің төрағасына бұйырды. І чемпиондық орынды Шал ақын ауданының оқу бөлімінің басшысы Қ.А.Жангужинов пен кәсіподақ комитетінің төрағасы Д.Т.Жарқынбаев еншісіне байлады. Үстел теннисінен өткен тартысты жарыста ІІІ орынды Тайынша ауданының теннисшілері жеңіп алса, ІІ орынды Шал ақын ауданының тенисшілері өз есебіне жазды. Ал І орынды Манаш Қозыбаев атындағы СҚМУ-нің тенисшілері Терехин Александр мен Голодова Ирина жеңіп алды. Жарыстың соңғы күні арқан тартудан өткен қызықты жарыста ІІІ орын иегерлері Мамлют ауданының жарыскерлері болса, ІІ орында Аққайың спортшылары болды. Арқан тартудан мұғалімдер спартакиадасының чемпиондық атағын Айыртау ауданының палуандары жеңіп алды.
Жарыстардың қортындылары бойынша, жалпы есептік көрсеткішпен Айыртау ауданының спортшылары спартакиада чемпионы атанды. ІІ орынды Шал ақын ауданының спортшылары жеңіп алды. Жүлделі ІІІ орынды Ғ.Мүсірепов ауданының жарыскерлері иемденді. Жүлдегерлерге мадақтамалар мен ақшалай, құнды сыйлықтар берілді.Салауатты өмір салтын ұстанған жарысқа қатысушылар тек қана жарыспай суға да шомылды, әріптестерімен де тілдесіп, көңілді демалды.
Облыстық білім және ғылым жұмыскерлерінің кәсіподақ комитетінің маманыБазарбаев Ж.Ж.
-
Фото
-