
ЖАМБЫЛДЫҚ ҰСТАЗДАР ЭКСПО-ҒА АТТАНДЫ
Биыл Қазақстан кәсіподақтары күні мерекесі еліміз үшін ерекше оқиға - «Астана-ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ашылу салтанатына сәйкес келіп отыр. Әлемдік деңгейдегі шараға шет елдер мен еліміздің барлық аймағынан туристер ағылуда. Солардың қатарында алғашқылардың бірі болып әулиеаталық ұстаздар да жолға шықты. Елордаға аттанған ұстаздарға Кәсіподақ төрайымы Гүлсін Орынбаева сәт сапар тілеп, шығарып салды.
- Биылғы жылы төл мерекеміз «Астана-ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ашылу қарсаңында аталып өтіледі. Сіздер кәсіподақ күні мерекесін ел төрінде әлем жұртшылығымен бірге көрменің ашылуында қарсы аласыздар. Жаз бойы жамбылдық ұстаздар сіздердің іздеріңізбен Астанаға аттанып, көрмені тамашалайтын болады. Сіздерге ақ жол тілеймін, жолдарыңыз болсын!, - деді Гүлсін Рахымжанқызы өз сөзінде.
Оқу жылын жаңадан аяқтап, заңды демалыстарын әлемдік шара – «Экспо-2017» көрмесін тамашалаудан бастағалы тұрған ұстаздардың қуанышында шек жоқ. Сондай жандардың бірі байзақтық ұстаз Амангелді Тлепов.
- Біз үшін бұл айтулы шара. Біз алғашқылардың бірі болып мұндай мүмкіндікке ие болып отырмыз. Осындай мүмкіндікті ұсынған кәсіподаққа алғысымыз шексіз. Мереке құтты болсын! Ел мерейін тасытып жүрген ұстаздардың еңбегі лайықты бағалана бергей, - деді кәсіподақ мүшесі Амангелді Тлепов.
Айта кетейік, Елордаға алғашқылардың бірі болып 150 адамнан құралған Талас, Байзақ және Мойынқұм аудандарының ұстаздары аттанды. Жоспар бойынша ЭКСПО-ны тамашалауға тек кәсіподақтар тарапынан 1000 жуық ұстаз аттанады деп күтілуде.
Перизат БАҚЫТ
-
Фото
-