
МӘНІ ҮЛКЕН МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР
Дүниежүзіндегі кез келген мемлекеттің ресми рәмізділігі – елтаңба, ту, әнұран. Олар елдің саяси тәуелсіздігінің, егемендігінің белгісі болып табылады. Көптеген елдерде мемлекеттік рәміздер жалпыұлттық және біріктіруші күш ретінде ұғындырылады. Осы орайда, бірлігімізді бекемдеп, ұлтжандылығымызды ұлықтау мақсатында қабылданғанына 25 жыл толған рәміздер күнінде Жамбыл облысының Кәсіподақ үйінде Әнұранымыз шырқалды. Кәсіподақ аппаратының қызметкерлері, кәсіподақтың жастар қанаты, аудандық филиал жетекшілері барлығы 60-тан аса азамат елім деп соққан жүрегіне алақан қойып, жүрегінің лүпілімен үндес болған Әнұранды мақтаныш сезіммен шырқады.
- Мемлекеттік рәміздер күнін тойлау азаматтардың, әсіресе жастардың бойында мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарау, қазақстандықтардың Отанға, елге деген сүйіспеншілік сезімін тәрбиелеуге ықпал етеді. Осындай шаралар арқылы белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыру қажет. Біз тарихи құндылықтарымызды, тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін қастерлеп сақтауға және ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға тиіспіз. Біз, Қазақстан халқы алдындағы өзіміздің биік жауапкершілігімізді сезіне отырып, еліміздің Конституциясы мен заңдарын сақтауға, халқымызға адал қызмет етуге әрқашанда дайынбыз, - деді Кәсіподақ төрайымы Гүлсін Орынбаева өз құттықтау сөзінде.
Жиын соңы әріптестердің өзара құттықтауларына ұласып, шараға қатысушылар дархан даламыздың әр перзенті құрмет тұтуы тиіс ұлттық нышандарымызға деген көкірек кернеген мақтаныш сезімдерімен тарасты.
Перизат БАҚЫТ
-
Фото
-