
КӘСІПОДАҚ ҮЙІРМЕСІНІҢ МОДЕРАТОРЛАРЫНА АРНАЛҒАН ОБЛЫСТЫҚ СЕМИНАР
Кәсіподақтар күні мерекесіне орай Кәсіподақтың Жамбыл облыстық ұйымы кәсіподақ үйірмелерінің модераторларына арналған облыстық семинар өткізді. Бұған дейін модераторлармен «Еңбек Кодексі», «Жалақы төлеудің жаңа жүйесі», «Педагог қызметкерлерді аттестаттау», «Педагог қызметкерлердің жұмыс және демалыс уақыты», «Еңбек кітапшасын жүргізу тәртібі», «Жеке еңбек шартын жасау тәртібі» және тағы басқа тақырыптар бойынша оқулар өткізілген болатын.
Кәсіподақтың оқу орталығының ұйымдастыруымен өткен семинар «Келісу комиссияларының жеке еңбек дауларын шешудегі рөлі» тақырыбында өтті. Тақырыптың бұлай таңдалуы да жай емес. Себебі, еңбек даулары ҚР Еңбек кодексінің 159-бабына сай міндетті түрде Келісім комиссияларында қаралады. Тұрақты жұмыс істейтін орган болып табылатындықтан Келісу комиссиясы мүшелерінің сандық құрамы, оның жұмыс істеу тәртібі, келісу комиссиясы шешімінің мазмұны мен оны қабылдау тәртібі, келісу комиссиясы өкілеттігінің мерзімі, делдалды тарту туралы мәселелерді үйірме модераторларының біліп жүруі артықтық етпейді.
Кәсіподақ үйірмелерінің модераторларына заңнаманы егжей-тегжейлі құқықтық қызмет басшысы-бас инспектор Берік Баймағамбетов пен Кәсіподақтың Тараз қалалық филиалының құқықтық сұрақтар жөніндегі бас маманы-Тараз қалалық білім бөлімінің жанынан құрылған Келісім комиссиясының мүшесі Арман Стыбаев түсіндірді. Олар модераторлармен біріге отырып «Жеке еңбек даулары. Келісу комиссиясы қызметінің құқықтық негіздері», «Келісім комиссиясының іс құжаттарын рәсімдеу мен жүргізу тәртібі» тақырыптарын талқылады.
Перизат БАҚЫТ
-
Фото
-