Кәсіподақ күші бірлікте!
Еліміздегі саяси тұрақтылықты сақтау мен нығайту, ұстаздардың шығармашылықпен еңбек етуіне қолайлы жағдай жасау, қазіргі қоғамдағы мұғалім мәртебесінің өсуіне ықпал ету кәсіподақ комитетінің басты мақсаты.
Аудандық кәсіподақ комитетінің негізгі күш-жігері кәсіподақ мүшелерінің еңбек және әлеуметтік мәселелерін шешуге, еңбек пен толықтай білім алуға жағдай жасауға, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жақсартуға, жетілдіруге бағытталған.
«Мемлекеттің еңбек қатынастарын жетілдіру мәселесіндегі негізгі әріптестердің бірі – кәсіподақтар» - деп Елбасымыз айтқан болатын. Ал мағынасы терең, мәні зор осы жолдардың өзі кәсіподақтардың белсенді қызмет атқаруына, қоғамдық саяси оқиғалардың барлығына қатысуға тың күш, жаңа серпін берді.
Қызылорда облысы, Қармақшы ауданындағы Шоқан Уәлиханов атындағы №26 мектепте аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен«Кәсіподақ: Мұғалімдер қауымының мүддесін қолдайды», «Кәсіподақ көшбасшысы –жастар көзімен»тақырыбында аудандық семинар өтті. Аудан мектептерінің кәсіподақ төрағалары, аудандық «Жастар қанаты» ұйымының жетекшілері қатысты. Әлеуметтік әріптестікті дамытып, ұжымдық еңбек дауларын болдырмау, еңбек құқықтарының және әлеуметтік қорғалуын сақтау, қоғамдағы еңбек қатынастарын реттеудің негізгі ұйытқысы қашанда кәсіподақ болып келеді.
Бәсекеге қабілетті болып, әлемдегі дамыған елдерінің қатарына өту үшін үш тілді білу - заман талабы. Қонақтарды қарсы алу оқушылардың үш тілде жолдаған әсерлі де әдемі сәлемдемелерімен басталды. Келген қонақтарды мектептің директоры Болат Мәлікұлы Жұмабаев пен жас маман Қуандық Ізкенов жылы қарсы алып, семинар жұмысын ардагерлер бөлмесі мен кәсіподақ бөлмесін таныстырудан бастады . 1895 жылдан басталатын тарихы бар іргелі қара шаңырақта ардагер ұстаз Раушан Байназарованың басшылығымен «Ардагерлер» бөлмесі жұмыс жасайды. 2015 жылы мектеп 120 жылдық мерекесін тойлағандарын мақтанышпен айтып таныстырды. Ардагерлер бөлмесі осы мектептің қарт түлектерінің мерейтойларының куәгері болғандығымен ерекше әсер қалдырды. Ұжым осы мектептен түлеп ұшқан балалар хирургі, академик Камал Сәруарұлының Ормантаев 80 жылдық, ардагер ұстаздар Нажмадин Өсеров мен Көшер Искендировтың 80 жылдық, бірнеше мәрте сенат депутаты, профессор Бақберген Досманбетовтың 70 жылдық мерейтойларын абыроймен атап өткен.
Мектеп кәсіподақ ұйымының төрайымы Қадиша Елеунұрова «Кәсіподақ: Мұғалімдер қауымының мүддесін қолдайды», келісу комиссиясының төрайымы Рауа Бүркітбаева «Ынтымақтастық –табыс кепілі», аға буын өкілі Гүлбану Тұрымтаева «Кәсіби шеберлік мектебінің жұмысы» және мектеп жастар қанатының жетекшісі Қуандық Ізкенов «Мақсатымыз – айқын, бағытымыз- Мәңгілік ел» тақырыбындағы жұмыстарының таныстырылымын көрсетті. Келген қонақтардан кәсіподақ төрағалары мен «Жастар қанаты» жетекшілері деген екі топ құрылды.
Бірінші топпен мектеп психологы – Ләйла Бақытжанова «Жақсы көңіл күй-жан азығы » сергіту сәті мен «Тренингке қатысушылардың үміттері мен перспективалары» тақырыбында тренинг өткізіп, жақсы әсер қалдырды.
Екінші топ «Жастар қанаты» жетекшілерімен жас психолог Бағлан Нухиев сергіту сәтін өткізді.
Мектеп көшбасшы мұғалімі Ақмарал Қолдабекова төрағаларымен «Мектеп ұжымындағы кәсіподақ көшбасшысының рөлі» тақырыбында, аудандық «Жастар қанатының» жетекшісі Ерсін Байдрахманов «Кәсіподақ көшбасшысы –жастар көзімен» тақырыбында коучингтер өткізді. Жұмыс барысында тұжырымды пікірлер айтылып, көпшілік өз көкейтесті ойларымен бөлісті.
Семинарды қорытындылау кезінде тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ретінде аға буын төрағалар мен жастар өз пікірлерін білдірді. Елбасы үміт артқан жасампаз елдің жарқын болашағы жастардың сөз саптаулары мен түйген ойларына аға буын өкілдері риза болды. Аға буын ретінде ақындық өнерімен таңқалдырған мектеп директоры Болат Мәлікұлы Жұмабаев келген қонақтарға сәттілік пен шығармашылық жетістік тіледі.
«Жастар қанаты» мүшесі Нұржан Оңдашов жастарға арнаған өлеңін жолдады.
Жастар бар бізде асқарды алатын,
Жас маман бәрі достар болатын.
Жұмысшы қамын ойлаумен бірге,
Кәсіподақ құрды жастар қанатын.
Көшбасшы бәрі жалынды жастар,
Ойлары биік дарынды достар.
Жүрегі жылы көзінде жалын
Елімді текке алдыға бастар
Жақсы іске бәрі жұмыла қалар
Жәйі болмаған сыныңа қалар
Осы бетінен таймаса бәрі
Білімнің биік шыңына барар
Қуанып әркез күліп жүріңіз
Жақсы істерді ұғып жүріңіз
Кәсіподақ құрған «Жастар қанаты»
Дамиды әркез біліп жүріңіз!
Байқоңыр қаласы,№274 мектептің кәсіподақ ұйымының төрайымы Жеңіс Жұмабаева
-
Фото
-