
ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА КЕЛІСІМ КОМИССИЯСЫ ЖҰМЫСЫНА АРНАЛҒАН СЕМИНАР ӨТТІ
Бүгінде еңбек ұжымдарында орын алған жеке еңбек дауларын алдымен келісу комиссиялары қарайды. Келісім комиссиясында кәсіподақ комитеті мен әкімшілік өкілінің арасында келісімге қол жеткізілмесе, сонда ғана қызметкер дауды шешу туралы арызымен сотқа жүгінуге құқылы. Бұл туралы Кәсіподақтың Жамбыл облыстық ұйымында өткен семинарда молынан ақпарат берілді.
«Келісу комиссиясының жеке еңбек дауларын шешудегі ролі» тақырыбымен өткен облыстық семинарға келісім комиссияларының өкілдері: аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушілері, мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілері, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары мен кәсіподақтың құқықтық инспекция заңгерлері қатысты. Кәсіподақ төрағасының орынбасары Ерұлан Мағзымбековтың кіріспе сөзі мен облыстық кәсіподақ ұйымының тақырып аясында жасап жатқан жұмысы туралы мазмұнды ақпаратынан кейін құқықтық қызмет басшысы-бас инспектор Берік Баймағамбетов «Жеке еңбек даулары. Келісу комиссиясы қызметінің құқықтық негіздері» тақырыбы аясында дәріс оқыды.
Келісу комиссиясы қызметінің құқықтық негіздерімен танысқан семинар қатысушылары іс жүзінде комиссия қалай жұмыс жасауы керек деген сұрақтың жауабын Тараз қалалық кәсіподақ комитетінің құқықтық сұрақтар жөніндегі бас маманы Арман Стыбаевтан естіді. Арман Мұратханұлы өз кәсіподақ ұйымындағы келісім комиссияларының қалай құрылғаны, кімдер оған қандай негізде мүше болғандығын, оның іс-құжаттарын жүргізу тәртібімен таныстыра келе биылғы жылы Тараз қалалық комитетінің келісім комиссиясы қараған 3 еңбек дауының қалай шешілгені туралы айтты.
Түс ауа Филиал төрағасы Жанболат Орынбеков еңбек даулары әдетте еңбек шартын тоқтату мен бұзу барысында пайда болатынын ескере отырып, еңбек шартын дұрыс жасау, еңбек заңнамасы бойынша заңды түрде рәсімдеу қалай іске асатынын айтып өтті. Қатысушылардың алған білімдерін тәжірибеде қалай қолдана алатынын байқау мақсатында «Жеке еңбек дауын сотқа дейін шешудің тиімділігі» тақырыбында практикум өткізіліп, семинар соңы еңбек туралы және салалық заңнаманы қолданудың бірқатар сұрақтарына арналған сұрақ-жауап сағатымен аяқталды.
Семинар соңында қатысушылар семинарға қатысқандығы туралы сертификатқа ие болып, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.
Перизат БАҚЫТ
-
Фото
-