
ЖАҢҒЫРУДЫҢ ЖАҢА БАҒЫТЫ
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Жамбыл облыстық ұйымының төрайымы Гүлсін Орынбаева Елбасы Жолдауын насихаттау бойынша Байзақ ауданының Көктал ауылдық округіне қарасты Кеңес ауылына барып, Кеңес орта мектебінде мұғалімдермен жүздесті. Шараға Жамбыл облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Байзақ аудандық комитетінің төрағасы Елнұрбек Ермеков қатысып отырды. Насихат барысында төрайым халыққа жаңа Жолдаудың қандай маңызға ие екендігін түсіндіріп, басты құжаттағы басым бағыттарға кеңінен, жан-жақты тоқталды.
- Әлем елдері бізді мойындады. Қазақстан деген елдің картада бар екенін көпке дәлелдедік. Енді біз бүгінде жаңғырудың үшінші сатысына көтерілу үстіндеміз. Бізге мұны Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты кезекті Жолдауы ұғындырып берді, - деп насихатты кіріспемен бастаған Гүлсін Рахымжанқызы ойға қонымды, нанымды пікірлер айтты.
Мәселен, Елбасы «Бүгінгі таңда 90 пайыз ақпарат ағылшын тілінде таралатындықтан, оны оқымай Қазақстан жалпы ұлттық прогреске жете алмайды» дей келе, 2019 жылдан бастап 10-11 сыныптардың кей сабақтары ағылшын тілінде оқытылатындығын ескертті. Бұдан бөлек биылдан бастап елімізде «Баршаға арналған тегін кәсіби білім» жобасы аясында техникалық және кәсіптік білім тегін беріле бастамақшы. Біз мұны өте орынды қабылданған шешім деп санаймыз. Өйткені, еліміздегі тұрғындардың 40 пайызы ауылда тұрады. Сондықтан жастарды жұмысшы кәсібіне баулу – уақыт талабы деп түсінгеніміз жөн. Адами капиталды дамыту деген сөз, мемлекетті дамыту деген сөз. Олай болса біз де «Кешегі күннен алыс жоқ, ертеңгі күннен жақын жоқ» деп үнемі алға ұмтылудан танбаған бабаларымыздай көштен қалмай, адами капиталды дамытуға бар күш-жірегімізді жұмсауға тиіспіз. Елбасы Жолдауы бізді осыған үндейді деді.
Жиын соңы сұрақ-жауап сағатына ұласты. Осыған орай Гүлсін Рахымжанқызы мен Елнұрбек Сайланбекұлы мұғалімдердің салаға қатысты қойған сұрақтарына нақты жауаптарын беріп, түйткілді мәселелердің түйіндерін тарқатып тастады.
Перизат БАҚЫТ
-
Фото
-