
ТЕХНИКАЛЫҚ ИНСПЕКТОРЛАРДЫҢ ОЗЫҚ ТӘЖІРИБЕСІ
1996 жылдан бастап жыл сайын 28 сәуірде Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні аталып өтіледі. Осы даталы күнге орай Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Жамбыл облыстық ұйымының мәжіліс залында «Білім мекемелері мен ұйымдарындағы еңбекті қорғау мен қауіпсіздігі» тақырыбында облыстық семинар өтті. Семинарға Тараз қаласы мен барлық аудандардан бастауыш ұйымдардың техникалық инспекторлары қатысты.
Кәсіподақ төрағасының орынбасары Ерұлан Мағзымбековтың кіріспе сөзі мен мазмұнды ақпаратынан кейін құқықтық қызмет басшысы-бас инспектор Берік Баймағамбетов – «Ұжымдық шарт – сала қызметкерлерінің құқықтарын қорғау құралы. Сала ұйымдарындағы қызметкерлердің жиі әрі жүйелі түрде бұзылатын еңбек құқықтары» және Кәсіподақтың филиал төрағасы Жанболат Орынбеков - «Жұмыс берушінің актілері және оларды кәсіподақпен келісу тәртібі» тақырыбында баяндама жасады.
Бұл семинардың өзгелерден ерекшелігі сол жұмыс күнінің екінші жартысында облыстың үздік техникалық инспекторлары өзара тәжірибе бөлісіп, өздерінің атқарып жүрген жұмыстарының мазмұнымен таныстырды. Мәселен, сарысулық Аманғали Икежанов пен Лариса Стрельченько техникалық инспекторлардың негізгі қызметі, олардың міндетіне тоқталып өтіп, еңбекті қорғау мен қауіпсіздігінің сақталуына қоғамдық бақылау жасаудың әдіс-тәсілдері туралы айтты. Слайд пен арқалап келген құжаттарын көрсетіп, өз білім мекемелерінде бұл жұмыстың қай бағытта жүріп жатқанымен бөлісті. Ал қордайлық Рашид Гасанов пен Шымыржан Карибаев білім мекемелерінде қызметкерлерге оңтайлы және қауіпсіз еңбек жағдайларының жасалуына қоғамдық бақылауды ұйымдастыру, жұмыс берушімен оларды келісу және оңтайлы шешу мәселелері жөнінде өз тәжірибелерімен бөлісті.
Оқытудағы озық технологиялардың бірі – рөлдік ойындар десек, семинар қатысушылары «Заңгерлік калейдоскоп» атты білгірлердің зияткерлік ойынына қатысты. Ойын тәртібі бойынша іріктелген семинар тыңдаушылары еңбек заңнамасына байланысты бейне сұрақтарға ақылдаса отырып жауап беруі тиіс болатын. Сондай сұрақтардың 4-не дұрыс жауап беріп, тек біреуінде ғана қателескен ойыншылар 4-1 есебімен жеңімпаз атанды.
Семинар сұрақ-жауап сағатымен тамамдалды. Құқықтық қызмет басшысы Берік Баймағамбетов пен Филиал төрағасы Жанболат Орынбеков еңбек заңнамасына байланысты түйткілді сұрақтарға тұшымды жауаптар берді. Барлық қатысушыларға семинарға қатысқандығын растайтын арнайы сертификаттар табыс етілді.
Перизат БАҚЫТ
-
Фото
-