Риза көңілмен оралған ұстаздар
Ұстаз – ұлағатты есім.Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру,жақсы қасиеттерді бойына дарытып,адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор.Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Ұстаздар жайында халықымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы «Өмірге ұрпақ әкелген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін, білім беретін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз», - деген. Бұл – ұстазға берілген жоғарғы баға. Дүние бір орында тұрмайды, барлық нәрсе үнемі даму, өзгеріс үстінде. Білім беру саласы да осы дөңгелектің бір бөлшегі, жаңа әдістемелік технологиялар, ақпараттың технология жаңалықтары білім саласына дендеп енді, жұмысты қалай түрлендірем десең де мүмкіншілік жеткілікті. Оны жүзеге асыратын басты тұлға – мұғалім.
Сондықтан Ы.Алтынсариннің: «Маған бәрінен де жақсы мұғалім керек.Мұғалім – мектептің жүрегі» - деген сөзі өзекті болып қала бермек.
Қазақстан Республикасының Президенті, ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев: «Білім беру сапасын жақсарту, жаңа әлеуметтік-экономикалық ортада білім беру жүйесінің бейімделуі – мұғалім мәртебесінің жоғары болу жағдайында ғана жүйеге асады»- деген болатын. Еліміздегі мұғалімдерге үстеме ақы төлеу жүйесі, олардың кәсіби біліктілігін арттыру жүйесін қайта құру, мұғалімдер қауымына әлеуметтік, мемлекеттік жағдай жасауды қамтамасыз ету – мұғалім мәртебесін көтеруде мемлекет тарапынан жасалып жатқан нақты шаралар. Осы бағытта облысымызда педагогтың абыройы мен беделін арттыруға байланысты үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Оның бірі – Қазақстан Республикасы салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Ақтөбе облыстық ұйымының«Жаңа білімге – заманауи көзқарас» облыстық байқауының жеңімпаздары мен облыстың үздік математика пәні мұғалімдеріне ұсынған «Меркі» шипажайына 30 тегін жолдамасы еді.
Облыстың 30 мұғалімі 1981 жылы Д.А.Қонаевтың басшылығымен салынған, таудың арасында орналасқан «Меркі» шипажайында 7 күн бойы әртүрлі ем алып, денсаулығымызды түзетіп қайттық. Шипажайдың негізгі емі радон суы екен. Емнен басқа Меркі шатқалына, аудан орталығына, Тараз қаласына саяхат жасап, сол өңірдің тарихымен таныстық. Әсіресе, Меркі шатқалынлағы Үңгіртас тарихы таңқалдырды. Айша бибі, Қарахан мазарларына тағзым етіп, Тараз қаласының мұражайын араладық және қаладағы тарихи ескерткіштер туралы мағлұмат алдық.
Біздер демалыс кезінде Алматы, Қостанай, Атырау, Орал облыстарының мұғалімдерімен бірге демалдық. Шипажай демалушыларының бәрі де біздердің тегін жолдамамен келгенімізден хабардар болып шықты. Жоғарыда аталған облыс мұғалімдері облыстың мұғалімдеріне осынша марапат жасаған Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына ризашылық сөздерін айтты.
Біздер облысымыздың кәсіподақ ұйымының мәртебесінің биік болғанына кеудемізді керіп, мақтанып қалдық. Ұстаздық жолымызда қолдау көрсеткен Қазақстан Республикасы салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Ақтөбе облыстық ұйымына алғысымыз шексіз.
Қазақ халқының біртуар ақыны М.Жұмабаев: «Алты алаштың баласы бас қосқанда, қадірлі орын мұғалімдікі»,- деген екен.
Ендеше, білім көшін бастап келе жатқан ұстаздар қауымына құрмет арта берсін!