М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің «Ақжайық» спорт сарайында Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ мүшелері арасында «Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз» мейрамына арналған ІІІ – ші «Денсаулық» спартакиадасы өткізілді
24 – 26 наурыз аралығында М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің «Ақжайық» спорт сарайында Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ мүшелері арасында «Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз» мейрамына арналған ІІІ – ші «Денсаулық» спартакиадасы өткізілді.
Бұл шараның мақсаты – кәсіподақ мүшелері арасында Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамын атап өту және кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жетілдіру мен бірлігін нығайту, білім және ғылым қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын насихаттау.
Спартакиаданың ашылуымен құттықтау үшін алғы сөз Облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіпті одағының төрағасы Марат Даупаевтың атынан бас маман Марина Темиргалиева жарысқа қатысушы спортшыларға сәттілік тілеп, жыл сайын өткізілетін дәстүрлі облыстық ІІІ – ші «Денсаулық» спартакиадасына арнайы шақырумен келген қонақтарға, ардагер ұстаздарға алғыс білдірді. Сонымен қатар, ардагер ұстаздарға мейрамға орай заттай сыйлықтар мен гүл шоқтарын табыс етті.
Келесі сөз кезегін алған Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Ербол Салықов жарысқа қатысушыларды құттықтап, кәсіподақ тек қана еңбеккерлердің әлеуметтік – экономикалық және еңбек құқықтарын қорғаумен ғана шектелмей, өзара салауатты өмір салтын сақтауды кеңінен насихаттауға да қолдау көрсетіп, бұл шараның осымен үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырғаны туралы айтты.
Облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Атқару Комитетінің мүшесі, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы БҚО ПҚ БАИ» басшысы Софья Измуханбетова дені сау мықты ел ғана дамыған бәсекеге қабілетті ел бола алатыны туралы өз ойын білдіріп, кәсіподақ мүшелерінің арасындағы ІІІ-ші «Денсаулық» спартакиадасына қатысушыларға және ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Ұйымдстырылған спорттық – көпшілік шараға облысымыздың аудандық 12 құрама командасы және М.Өтемісов атындағы БҚМУ құрама командасы, колледждар құрама командасы, облыстық білім беру мекемелері құрама командасы, А.Байтұрсынов атындағы №10 ЖОББМ және №14 ЖОББМ қалалық мектептердің ішінен бірінші және екінші яғни, барлығы 17 құрама командалар қатысып, спорттың волейбол және үстелді теннис ойындарынан бақ сынасты.
Ептілікті сынға салған сәтте бірі жеңіп жатса, екіншісі жеңіліп жатады. Осы орайда жиналған спортшыларымыз өздерінің үлкен дайындықпен келгендерін байқатты. Бақталасқан қызу ойын сәттерінде әр ауданнан келген білім бөлімінің басшылары ойын соңына дейін қатысып, аудан намысын қорғауға атсалысқан командаларға жанкүйер болды.
«Денсаулық» спартакиадасының ережесіне сәйкес, волейбол ойыны бойынша І орын – қалалық № 14 жалпы орта білім беретін мектебі, ІІ орын – Зеленов ауданы, ІІІ орын – Бөкейорда ауданы иеленді. Ал, үстелді теннистен І орын – Ақжайық ауданына, ІІ орын – Жәнібек ауданына, ІІІ орын – М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетіне бұйырды.
Білікті төрешілердің саралауы бойынша спортшылар арасынан үздік ойыншылар да анықталып, заттай сыйлықтар және грамоталармен марапатталды. Олар, волейбол ойынынан Тайшыбаев Жарқын (қалалыық № 14 жалпы орта білім беретін мектебі), Сабырғалиев Алпамыс (Зеленов ауданы), Зенекешов Ұлан (Бөкейорда ауданы) және үстелді теннистен Қайыржанов Артур (Ақжайық ауданы), Мустаева Нұргүл (Жәнібек ауданы), Қуанышқалиева Гүлдария (М.Өтемісов атындағы БҚМУ).
Екі күнге созылған облыстық ІІІ – ші «Денсаулық» спартакиадасының қорытындысында командалық жалпы есеппен «Қалалық № 14 жалпы орта білім беретін мектебі» жеңіс тұғырына көтерілсе, екінші, үшінші орындарды «Зеленов» және «Ақжайық» құрама командалары бөлісті.
Командалық жалпы есеппен облыстық ІІІ–ші «Денсаулық» спартакиадасында І орын иеленген «Қалалық № 14 жалпы орта білім беретін мектебі» құрама командасына «Ақжайық» шипажайына тегін 10 жолдама және жүлделі орындар иеленген Зеленову, Ақжайық аудандарының командаларына кубоктар мен заттай бағалы сыйлықтар берілді.
Жарыс соңында ардагер ұстаз Сафья Иманғалиева бүгінгі жарыс жоғары деңгейде өткенін айта келіп, ұйымдастыру алқасының басшылары мен БҚО білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Даупаев Марат Оразалыұлына алғысын білдірді. Жастарды патриоттық тұрғыда тәрбиелеу мен дені сау ұрпақ қалыптастыруға әрқашан кәсіподақ ұйымымен әріптестік танытып отыратын «Батыс Қазақстан облыстық Ауғанстан ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы О.В.Пимонов және М.Ж.Есболатов, Н.Ж.Қодаровтар да жастарға жалынды тілектерін жолдап, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеп, салауатты өмір салтын ұстануға үлес қосқаны үшін белсенді кәсіподақ мүшелері Қайрат Каукеев (Шыңғырлау аудандық құрама командасының капитаны), Тлеп Ниетқалиевтарға (Теректі аудандық құрама командасының капитаны) Батыс Қазақстан облыстық Ауғанстан ардагерлері одағының атынан алғыс жариялады.
Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ аппаратының бас маманы Марина Темиргалиева бүгінгі таңда білім және ғылым қызметкерлерінің Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақ ұйымын – Еліміздің тұрақтылығы мен жарқын болашағы үшін жас ұрпаққа сапалы білім беруде олардың еліне деген құрметі мен патриоттық сезімін, болашаққа деген нық сенімін қалыптастыруды мақсат ететін 30 мыңға жуық білім және ғылым қызметкерлері біріктіріп отырғанын және кәсіподақ күші мен болашағы бірлікте екені туралы жалынды сөздерімен спорттық – бұқаралық көпшілік шараны қорытындылады.
-
Фото
-