Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы төрайымының орынбасары Айгүл Мақсатқызы Мұқашеваның Павлодар облысы білім беру ұйымдарының кәсіподақ активімен кездесу өтті
Айгүл Мақсатқызы өз сөзінде Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» халыққа Жолдауы негізінде кәсіподақтың маңызды бағыттарын атап өтті. Елбасы білім беруді дамытуда, білім беру үдерісіне көптілділік пен жаңа IT-технологияларды ендіруде басты назарды адам капиталына қойып отырғаны туралы жеке айтып кетті. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен Салалық кәсіподақтың арасында жасалған келісім аясында Кәсіподақ педагогтың кәсіби стандартын ендіру үдерісіне белсенді қатысуда. Себебі кәсіби стандартты ендіру мұғалім мамандығының мәртебесін арттыруға, еңбекақы мәселесін қайта қарастыруға үлкен себін тигізері сөзсіз. Аталған бағытта министрлікпен бірлескен жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Қатысушылардың назарына кәсіподақ мүшелерінің еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау, кәсіподақ оқуларын ұйымдастыру, еңбек жағдайының қауіпсіздігі мен оны қорғау, кадрлық саясат, жастармен жұмыс жүргізу, сонымен қатар халықаралық ынтымақтастық тәрізді мәселелер жан-жақты ұсынылды.
Качир аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрайымы А.Ф.Арынова саладағы қызметкерлердің мүдделерін қорғау, құқықтық оқуларды ұйымдастыру жөніндегі қысқаша ақпаратпен бөлісіп, ұстаздардың атынан Ресей Федерациясының тәжірибесі тәрізді Қазақстан Республикасы заңнамасына да мұғалімдердің зейнетке шығу жасын төмендетуді қарастыруды ұсынды. Ал дене шынықтырудың аймақтық оқу-тәжірибелік орталығының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Е.Г.Ифандопуло кәсіподақ мүшелігіне тарту тәжірибесімен бөлісті және облыста дәстүрлі түрде өткізілетін спартакиаданы республикалық деңгейге шығаруды ұсынды.
Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты студенттерінің кәсіподақ ұйымын басқаратын Қ.Б. Солтанбаев Айгүл Мақсатқызын «Жастар алаңы» атты студенттердің Коворкинг орталығына студенттік активпен кездесуге шақырды. Институтта «Story telling» форматындағы танымал тұлғалармен кездесу дәстүрге айналған. Салалық кәсіподақтың көптілділік мәселесіне деген көзқарасы туралы пікірлерін сұрап, өз тараптарынан да ұсыныстар берді. Аталған институт Қазақстанның педагогикалық жоғары оқу орындары рейтингісінде 3 үздіктер қатарында және бұл оқу орны биыл 55 жылдығын тойлау үстінде. Ректораттың атынан проректор Ербол Маратұлы Исақаев институт қабырғасында Салалық және облыстық кәсіподақтың қатысуымен студенттік форум өткізуді ұсынды.
Сонымен қатар Салалық кәсіподақтың өкілдері Павлодар қалалық оқу-әдістемелік орталығында, Павлодар бизнес-колледжінің базалық кәсіподақ ұйымында болып, кәсіподақ белсенділерінің жұмыстарымен танысып өтті.
Павлодар облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының баспасөз қызметі
-
Фото
-