Тұғырлы тұлға тағылымы
«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» демекші, тындырымды іс атқарғандар қашан да еліне елеулі, халқына қалаулы тұлға болып қала бермек. Сондай азаматтың бірі- Түрген өңірінде тұрып, өмірінің соңына дейін халқы үшін еңбек еткен Абыхан Аманбайұлы Жексембеков еді.
А. Жексембеков атындағы қазақ орта мектебінде Абыхан Аманбайұлының 80 жылдығына орай ақпан айының басында «Тұғырлы тұлға тағылымы» атты ғылыми- әдістемелік конференция өтті.
Жыл сайын Абыхан Аманбайұлын еске алу мақсатында кездесулер мен кештер өткізу дәстүрге айналған.
Ғылыми- әдістемелік конференцияның алғашқы сөзін алған мектеп директоры Г.Б.Қасымжанова «Биылғы еске алу шарасының өзгешелігі, ғылыми- әдістемелік конференцияның облыс көлемінде өткізіліп отырғаны, бүгінгі ұрпаққа Абыхан Жексембековтың өнегелі өмірін үлгі етіп, рухани тәрбие беру» екенін атап өтті.
Биылғы жылғы ғылыми- әдістемелік конференция ерекше болды деуге болады. Себебі, педагогика ғылымының докторы, профессор Ш.Б. Таубаева, педагогика ғылымының докторы, доцент Т.Қ. Ауелгазина, А.Жексембеков атындағы мектеп директоры Г.Б. Қасымжанованың құрастыруымен «Тұғырлы тұлға тағлымы» кітабының тұсаукесер рәсімі жасалып, кеш қонақтары мен ұстаздарға және мектептің оқушыларына естелікке таратылды.
Конференцияға келген қонақтар А.Жексембековтың мұражайына саяхат жасап, естелікке мұражайға сыйлықтар табыс етті.
Заңғар жазушы М.Әуезовтің: «Алдыңғы жақсы, артқы жасқа тәлім айтпаса, ел болғаның қайсы?» дейтін даналық уәжі бар. Ғылыми әдістемелік конференцияға келген қонақтар А.Жексембеков туралы естеліктер айта отырып, жас ұрпаққа адамгершілік, имандылық, еңбексүйгіштік, отаншылдық қасиеттерін танытатын тәлімгерлік ойларын ортаға салды.
Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ауданның ер мұғалімдері арасында волейболдан жарыс ұйымдастырылды. Спортты жанына серік еткен азаматтардың ойыны тартысты өтті. Есік өңірінен келген ер мұғалімдер I орынды иеленіп, А.Жексембеков кубогын жеңіп алды, Түрген өңірі II орынды, Шелек өңірі III орынды иеленіп ақшалай сыйлықтар мен алғыс хатпен марапатталды.
«Еңбек етсем ертеңгі- бақытыма сенемін,Мақсатыма жеткізер- уақытыма сенемін»- демекші мектеп ұстаздарының да еңбегі еленіп, А.Жексембековтың 80 жылдығына орай аудан әкімінің «Алғыс хаты», аудандық білім бөлімінің «Мақтау қағаздарымен» марапатталды.Өмірі өнегеге толы азаматтың әке жолын қуған балалары бұл күнде ел үмітін ақтаған жоғары білімді маман иелері.
Кеш соңында А.Жексембековтың қызы, саяси ғылымдарының докторы, профессор Жексембекова Венера Абыханқызы мектеп ұжымы мен қонақтарға зор ризашылығын білдірді. Мектептің дарынды оқушысы, республикалық ән байқауларының жеңімпазы Кеңесбай Ақниеттің орындауындағы «Қазақстаным алға» атты патриоттық әнімен кешті аяқтады.
Кештен үлкен әсер алған қонақтар мен мектеп ұжымы, оқушылар үлкен ризашылықтарын білдіріп, қимай қоштасты.