
ЖАҢАРУ МЕН ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫНДАҒЫ ЖОЛДАУ кәсіподақтарға да жаңа міндет жүктейді
Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауы еліміздің бұлжымас саяси дәстүріне айналды. Биылғы Жолдауда да артта қалған бір кезеңнің қорытындысы шығарылып, алдағы мақсат-міндеттер айқындалды. Елбасы биылғы Жолдауда Қазақстанды үшінші жаңғырту жөнінде міндет қойды. Осы ретте, елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру қажеттігі айтылды. Бұл бағытта біз өзіміздің мықты тұстарымызды пайдаланып, Тәуелсіздіктің өткен ширек ғасырында қалыптасқан әлеуетті жоғалтып алмауымыз керектігін баса айтты.
Елбасы ендігі кезекте үшінші жаңғыруды бастауға жол сілтеп, бағыт-бағдар көрсетіп отыр. «Бұл жаңғыру – қазіргі жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары емес, болашаққа, «Қазақстан-2050» стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір болмақ. Ол Ұлт жоспары – «100 нақты қадам» базасында өткізіледі» делінді. Бұл ретте бес негізгі басымдықты көріп отырғанын атап, оларды жеке-жеке талдап, саралап берді. Олар экономиканың әлемдік өсімінің орта деңгейден жоғары қарқынын қамтамасыз етуге және 30 озық елдің қатарына қарай тұрақты түрде ілгерілеуге лайықталған.
Елбасы экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуын цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетумен байланыстырды. «Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты»,- деген Нұрсұлтан Назарбаев елде ІТ саласын дамытуға барынша жағдай жасалу керектігін қадап айтты. Ол үшін Үкіметке арнайы тапсырма бере келе, «ЭКСПО-2017» нысандарының бірінің базасынан IT-стартаптар халықаралық технопаркін құруды тапсырды. Сондай-ақ шикізаттық емес экспортты 2025 жылға қарай екі есе өсіріп, шетел инвестициясын тарту бойынша көшбасшылықты сақтап қалуымыз керек деді.
Жолдау барысында мемлекеттің экономикадағы үлесін ішкі жалпы өнімнің 15%-ына дейін төмендету керектігі де айтылды. Бұл өз кезегінде экономикалық өсімге тың серпін беретін көрінеді. Өйткені Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдері деңгейі де осы көрсеткішпен шамалас. Осыған байланысты Елбасы бұдан бұрын 2020 жылға дейін жекешелендірілетін 800-ге жуық кәсіпорынды қамтитын тізбенің жұмыстары 2018 жылға дейін аяқталуы қажеттігін ескертті.
Сонымен қатар мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясын кеңейту қажеттілігі де айтылды. Себебі бұл серіктестік соңғы жылдары өз жұмысын ақтап, маңыздылығын көрсетуде. Мысалы, өткен 3 жылда мемлекет 40 мың орынға арналған 189 балабақша салса, жекеменшік сектор 100 мың орынға арналған 1300 балабақша ашқан.
ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз: белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар екені даусыз. Ол үшін бірегей білім беру жүйесі мен денсаулық саласының жұмысын жақсарту қажет. Осы орайда заманауи бағдарламалар мен оқыту әдістемелерін, білікті мамандар ұсыну аса қажет екеніне көз жеткізген Елбасымыз 2019 жылдан бастап 10-11-сыныптардың кей сабақтары ағылшын тілінде оқытылатынын ескертіп, бұл мәселені тиянақты ойланып, ақылмен шешу керектігін, ағылшын тілін оқыту кезең-кезеңмен жүзеге асатындығын атап өтті. Өйткені, қала және ауылдық жерлердегі педагогтердің деңгейі, біліктілігі әртүрлі. Әрине, бұл ретте қазақ тілінің басымдылығы сақталады. «Десе де бүгінгі таңда 90 пайыз ақпарат ағылшын тілінде таралатындықтан, оны оқымай Қазақстан жалпы ұлттық прогреске жете алмайды», - деді мемлекет басшысы.
Елбасымыз экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы, бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту, макроэкономикалық тұрақтылық, адами капитал сапасын жақсарту және институционалдық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты басты межелерді тарқатып берді. Жолдау еліміздің жаңаша дамуына жол ашары анық. Жолдаудағы бес басымдықтың әрқайсысы бүкіл халықпен тығыз байланысты. Елбасының бұл Жолдауында әлеуметтік салаға баса назар аударды. Зейнеақының көбеюі, балаларға төленетін бір реттік төлемнің көбеюі, дәрі-дәрмек бағасының өсуін тоқтату туралы шешім бүкіл халықтың ойынан шықты деп ойлаймын.
Кәсіподақтар әрдайым Елбасының сара саясатын жақтап, оның жанына еңбек адамының қамқоршысы ретінде топтана білген. Елбасы саясатын өзіне заңмен берілген құзыреттер арқылы қолдау көрсету мақсатында Кәсіподақтың Жамбыл облыстық ұйымы мен оның барлық құрылымдық бөлімшелері өздерінің негізгі жарғылық міндеттері – сала еңбеккерлерінің құқықтары мен мүдделерін қолдап, қорғаумен қатар, қосымша әлеуметтік-мәдени, материалдық мүмкіндіктер, тегін заң кеңесін көрсету мен қолдау, лайықты еңбек пен тұрмыстық жағдай жасауға ықпал етуді назардан тыс қалдырған емес.
Кәсіподақтың ерекше басымдық беретін жұмыс бағыттарының бірі – әлеуметтік әріптестік болып табылады. Келісім мен ұжымдық шарттардың ережелері мен шарттарына мониторинг жүргізуді негізінен Кәсіподақтың құқықтық еңбек инспекциясының мамандары жүргізуде. Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 1 қаңтардан қолданысқа енген Еңбек кодексінің талаптарына сай Білім және ғылым қызметкрелерінің салалық Кәсіподағының Жамбыл облыстық ұйымында мүшелікпен қамтылған мекемелер мен ұйымдарда Жеке еңбек дауларын шешу жөнідегі Келісу комиссияларын, сондай-ақ Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі Өндірістік кеңестер жасақтау мен олардың қалыпты жұмысын қамтамасыз ету шаралары жүргізілуде.
Әлеуметтік әріптестік актілеріне сәйкес жеке еңбек дауларын шешу жөніндегі Келісу комиссиясы заңды тұлға мәртебесіне ие әрбір білім беру және ғылым мекемесінде емес әлеуметтік әріптестік тараптарының шешімі бойынша әкімшілік аумақтық бірліктер – аудан, қала, облыс деңгейінде құрылуы мүмкіндігін көздеген. Бүгінгі таңда Кәсіподақтың филиал мәртебесіндегі құрылымдық бөлімшелері орналасқан Тараз қаласы мен Шу, Байзақ, Сарысу, Т.Рысқұлов және Қордай аудандарында бірқатар жеке еңбек даулары қаралып, сала қызметкерлері-кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғау бағытындағы шешімдер қабылданды.
Кәсіподақтық білім беру сапасын арттыру, оның кәсіподақ кадрлары мен активінің өзекті де өз мезгіліндегі қажеттеліктері мен сұраныстарына сай болуы Кәсіподақтың оқыту саясатының басым бағыттарының бірі. Кәсіподақ үйірмермелерінің жұмысы жоспарлы түрде өз қызметін жалғастыруда. Бұл бастаманы жетілдіру мақсатында 2016-2017 оқу жылы барысында «Белсенді оқыту – ұтымды кәсіподақ» атты кәсіподақтық оқыту байқауы жарияланды. Кәсіподақ оқулары кәсіподақ қызметкерлері және белсенділерімен қатар, білім мекемелері мен ұйымдарының басшылары үшін де ұйымдастырылып өткізілуде.
2015-2016, 2016-2017 жаңа оқу жылдарының қарсаңында Мұғалімдердің дәстүрлі Тамыз кеңесінде, «Мұғалім күні» кәсіби мерекесіне орай оқу жылы барысында жоғары көрсеткішке қол жеткізген 44 ұстазға облыстық кәсіподақ қоры есебінен 2.4 млн.теңге сыйақы табыс етілді.
Кәсіподақтың облыстық ұйымы мен барлық деңгейдегі басшы органдар әлеуметтік әріптестік, құқықтық қорғау аясындағы жарғылық міндеттермен қатар сала өкілдерінің құқықтық сауатын арттыру, ақпараттық-имидждік жұмысты жетілдіру, еңбек қауіпсіздігі шараларын күшейту, жастармен жұмыс, сала қызметкерлері-кәсіподақ мүшелерін сауықтыру, демалдыру мен рухани қолдау шараларын жоспарлы түрде жүргізіп отырғаны баршаңызға мәлім. Ол жұмыстар ары қарай да өз жалғасын табатын болады. Осы бағытта кәсіби бірлігіміз бен кәсіби ынтымақтастығымыз жарасып, ұстаздың мәртебесін арттыра түсетін бірлескен шараларымыз көп болсын!
Алтау ала болып ауыздағыны кетіріп алмай, төртеу түгел болып төбедегіге ие болайық! Бағытымызды жандандырған бұл Жолдау өзінің кемеңгер Елбасымен бірге Тәуелсіз Қазақ Елін әлі талай рет зор жеңістіктерге жеткізіп, биік шыңдардан көрсететіні айқын. Жасампаз еліміздің жарқын болашағы баянды болмақ, дамыған, өркениетті ел боларына кәміл сенемін.
Гүлсін ОРЫНБАЕВА,Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Жамбыл облыстық ұйымының төрайымы,облыстық Қоғамдық Кеңес мүшесі