
Қызылорда облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ белсенділері «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Президент Жолдауын насихаттауда
Үстіміздегі жылдың 16 ақпанында облысымыздағы білім беру мекемелері кәсіподақ белсенділерінің қатысуымен өткен жиынды облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы, облыстық мәслихат депутаты Байназарова Райкүл Мансұрқызы кіріспе сөзімен ашты.
Кәсіподақ басқосуында ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Н.В.Жүмаділдаева қатысып, Жолдаудағы Елбасы айқындап берген басымдықтар төңірегінде келелі ой-пікірлерін ортаға салды. Атап айтсақ, Жолдаудың 4-ші басымдығында көрсетілген адами капитал сапасын жақсарту, білім беру жүйесіндегі жаңашылдықтарды игеру, үш тілді білім беруге кезең-кезеңімен көшу, қазақстандықтарға тегін кәсіптік білім беру жұмыстарын жүзеге асырудың негізгі тетіктері әңгімеге арқау болды.
Шара барысында кәсіподақ белсенділері өз ой-пікірлерін ортаға салып, келген қонақтарға сауалдарын жолдады.
Қызылорда қаласы №268 мектептің мұғалімі Сейдуллаева Айгүл Серікбайқызы: Бүгінде ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі. Мектептердің және мұғалімдердің деңгейі, әсіресе ауыл мен қалада әртүрлі. Білікті педагогтардың жетіспеу проблемасы да бар. Сондықтан, осының барлығын ескеріп, ағылшын тілін кезең-кезеңмен енгізу маңыздылығына тоқталды.
«Баланың функционалдық сауаттылығын дамытуға ықпал ететін үздік әлемдік әдістеме бойынша әзірленген мектептік білім берудің бірыңғай жаңартылған стандарты енгізілуде. Осы ретте, үш тілді білім беруге кезең-кезеңімен көшу барысында тың әдістемелерді қолданудың маңыздылығы зор. Бұл бағытта, біз де өз тарапымыздан әдістемелік жұмыстарды шыңдау жұмыстарын үздіксіз жүргізіп отыратын боламыз»,- деді өз сөзінде қалалық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Мұхашова Рита Жұмамұратқызы.
№3 мектеп-лицей директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Есімов Аманғали Жақсатұлы білім беру жүйесіндегі жаңашылдықтардың бірі Кәсіби стандарт «Педагог» жобасы төңірегінде өз ұсыныстарын білдірді. Бұл жаңа жобаның негізгі мақсаты педагогтың ортақ стандартын қалыптастыра отырып, оның бойында өз бетімен ізденімпаздық, толлеранттылық, коммуникативтік, тілдік дағдылары шыңдалған, аналитикалық қасиеттерін бойына сіңірген педагогтарды қалыптастыру, педагогика саласы қызметкерлерінің 21 ғасырдағы стандартын жасақтау. Осы ретте елімізде педагогтың біліктілік деңгейін сапалы орындалуын бақылау жұмыстары нақты ашылса деген ұсынысын жолдады.
Педагогтар Елбасы Жолдауында көрсетілген нақты мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыруда бір кісідей атсалысатындықтарын жеткізді.
Елбасы Жолдауынан айқындалатын міндеттермен мақсаттарды талқылау бастауыш кәсіподақ ұйымдарында өткізілсін деген ұсыныс қабылданды.
Сонымен бірге кәсіподақ қызметкерлері Президент Жолдауына ақпарат құралдар арқылы оң пікірін білдіріп, насихаттау жұмыстарына белсенді араласып келеді. 13 ақпан облыстық телерадиокомпания бағдарламасында облыстық кәсіподақ төрайымы Райкүл Байназарова кәсіподақтардың ролімен міндеттері жөнінде, 15 ақпан күні Сырдария аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Есназар Алмас Зейнуллаұлы «Қазақстан-Қызылорда» АҚ РТРК телеарнасының «Жаңа күн» бағдарламасы тікелей эфирінде биылғы Елбасының Жолдауы – еліміздің тарихи белесін бастаған өте маңызды құжат екенін атап өтті.Онда Қазақстан дамуының жаңа бағыттары белгіленген.
Кәсіподақтардың алдында тұрған басты міндет –жолдауды насихаттаумен бірге жүзеге асыруда өз үлесін қосу деп, көрермендердің сұрақтарына тұжырымды жауап берді.
Қызылорда облысының білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайым орынбасары Г.Ескалиева
-
Фото
-