
Спартакиада өз нәтижесін берді
Бүкіләлемдік қысқы XХVIII Универсиадаға орай Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде білім және ғылым қызметкерлері бастауыш кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен өткен спартакиада өз нәтижесін берді. Бір ай бойы университеттің профессор-оқытушылары мен қызметкерлері спорттың 9 түрінен бақ сынады. Атап өтер болсақ, шахмат, тоғызқұмалақ, атыс, дартс, үстел теннисі, ерлер арасында стритбол, шағын-футбол, ерлер және әйелдер арасындағы волейболдан жарыс.
Спартакиаданы қорытындылау салтанатты жиынына университеттің тәрбие жұмысы және әлеуметтік-экономикалық мәселелер жөніндегі проректоры Мұхтар Миров, кәсіподақ ұйымының басшысы Гүлнұр Зарлықова қатысты. Жарысты ұйымдастырушы спортклуб төрағасы Әбілғазы Құлмағамбетов спартакиаданы өткізуге жағдай жасаған университет басшылығына, қаржылай көмек көрсеткен бастауыш кәсіподақ ұйымына және жарысқа белсене араласқан оқытушылар мен қызметкерлерге алғысын білдіріп, сөз кезегін Мұхтар Орынбасарұлына берді.
«Бұл спартакиада Бүкіләлемдік додада бақ сынағалы тұрған университетіміздің студенті Мария Сизованы қолдау мақсатында өткізілді. Марияға ақжол тілейміз!» деген ол спартакиаданың жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан оқытушылар мен қызметкерлерге алғысын білдірді.
Ойын нәтижесі бойынша жалпы командалық есепте бірінші орынды дене тәрбиесі кафедрасы, екінші орынды физика-математика факультеті, үшінші орынды экономика және құқық институты иеленді. Мұхтар Орынбасарұлы командаларды жеңістерімен құттықтап, жеңімпаздарға Мақтау қағаздарымен ақшалай сыйлық және Кубокты табыс етті. Белсене қатысқан ойыншылар Алғыс хаттармен марапатталды. Қаржылай көмекті университеттің бастауыш кәсіподақ ұйымы көрсетті.
Қ.Жұбанов атындағыАқтөбе өңірлік мемлекеттікуниверситетінің редакторыЖадыра Арен